Білім

Мұғалімдерді заңсыз жұмыс істеткендер жазаланады

Ұстаздарды міндетіне кірмейтін жұмыстарға заңсыз тартып, күштеп жұмылдырғандар қатаң жазаланады. Егер газетке жазылуға мәжбүрлеу, массовка үшін алаңға шығару я қажеті шамалы есептерді талап ету фактісі орын алса, мұғалималар арыз түсіре алады. «Педагог мәртебесі» туралы заңның бұзылғаны дәлелденсе, айыптыларға қомақты айыппұл салынады. Әзірге, бірде-бір облыс педагогынанан мұндай шағым түспеген, ал ата-аналар болса онлайн-оқытудың кемшін тұстары туралы жарыса жазып жатыр.

«Педагог мәртебесі туралы» заң өткен жылдың желтоқсанында қабылданды. Осылайша, өмір бойы бала оқытып, білім беретін ұстаздардың еңбегі заңдық тұрғыда еленуде. Ең алдымен қаңтарда мамандардың жалақылары көтерілді. Енді міне, оларды кәсіби міндетіне кірмейтін жұмысты істеткендерге қатысты жаза қатаңдатылды.

Айнагүл Сұрағанова – СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

– Педагогтарды кәсіби міндетіне кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту, ақпарат немесе есеп талап ету бойынша арыз түскен жағдайда арнайы тексеріс ашуға құқылы. Педагогқа тауарлармен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеу, мемлекеттік емес іс-шараларға тарту кезіндегі жұмыстар тексеріске негіз болады.

Бастапқыда мұғалімдерге міндетіне кірмейтін жұмысты істеткен лауазымы жоғары адамға ескерту жасалады. Егер заңбұзушылық тағы қайталанса әкімшілік хаттама толтырылады. Онымен қоймай 55 мыңнан 333 мың теңге аралығында айыппұл салынады. Өңірде, әзірге, мұндай факті ресми түрде тіркелмеген. Мұғалімдер тарапынан бірде-бір шағым түспепті. Бірақ, төтенше жағдай кезінде ата-аналар жиі наразылық білдірген көрінеді. Мәселелердің басым бөлігі онлайн оқыту жүйесіне қатысты. Бірінің интернеті жұмыс істемей қалып жаста, екіншісінің техникалық құралдары жоқ болған.

Айнагүл Сұрағанова – СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

– Бізге Петропавл қаласы тұрғындарынан 18 шағым келіп түсті. Оның 14-і қашықтықтан оқытудағы қиындықтарға қатысты. Кей тұрғындар жеке компьютердің жоқтығынан тапсырмаларды уақытылы орындай алмапты. Мұндай оқушыларға мұғалімдер жеңілдік жасады. Яғни үй жұмыстарын мерзімінен кешіктіріп жіберулеріне рұқсат етілді.

Сондай-ақ, брифинг барысында білім беру мекемелерін заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылды. Өйткені, шалғай ауылдардағы кейбір мектептерде әлі күнге дейін компьютер жоқ.

 

 

 

Маржан Касымбек