Ауыл шаруашылығы

Диқандар қарақұмық егуді бастады

Солтүстік Қазақстан диқандары қарақұмық егуді бастады. Биыл ол / өлке бойынша 5 мың гектар алқапқа сіңіріледі. Бұл былтырғыдан 2,5 есеге көп. Осылайша, күзде облысты гречкамен толықтай қамту көзделіп отыр, яғни жарманы импорттаудың қажеттілігі туындамайды. Қарақұмық алқаптарының ұлғаюы омарта бизнесінің дамуына да сеп болмақ.

Саят Ермек – тілші:

– СҚО жылына қарақұмық, яғни гречканың 4,5 мың тоннасын тұтынады екен, бірақ 3 есеге аз өндіреді. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сай, былтыр бізде бұл жарманың небәрі 1,5 мың тоннасы жиналған. Жетпегенін көрші Ресей мен ШҚО-дан импорттауға мәжбүр болыппыз. Енді мұндай тәуелділіктің уақыты артта. Биыл аққайыңдар өлкесі қарақұмық алқаптарының көлемін біршама көбейтті. Нақтырақ айтсақ, 2,5 есеге.

Ал бұл – 5 мың га. Бидаймен салыстырғанда, әрине, көп емес, бірақ өзімізді-өзіміз қамтуға артығымен жетеді. Пандемия азық-түлік қауіпсіздігі мен импорт алмастырудың маңыздылығын көрсетті. Карантин уақытында, әсіресе, гречкаға деген сұраныс күрт артты. Оны өсіруге ден қою бастамасы – облыс әкімінікі. Басты себеп – ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету, яки өз жерімізде өсетін дүниені шеттен тасып неміз бар?! Қазір өңірдің барлық аудандарында шаруалар аталмыш жарманы себу жұмыстарын бастап кетті.

Аграрий Жомарт Омаров – тәуекелге бел буғандардың бірі. Бидай, рапс, зығыр мен жасымықты ол жылма-жыл егеді. Былтыр соя себуді бастаса, биыл сол қарақұмықты алғаш игеріп жатыр. Бастама – 200 га. Дәл осы бағытта тәжірибе жоқ, бірақ ынта бар.

Жомарт Омаров – “Токуши Grain” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Қазіргі таңда ақпарат әлемі кең: интернет, әлеуметтік желілер бар. Сұрақтар болса, жауап алуға болады, қорқатын ештеңесі жоқ. Жарманы егумен бұрыннан айналысып жүрген шаруашылықтар бар. Солармен тәжірибе алмасып, биыл себуге бел байлап отырмыз.

Тұқым Қорғаннан әкелінген. “Инзерская” сұрпының бір гектарынан көп дегенде жарманың 50 центнерін алуға болады-мыс. Тек бірінші мәрте егіп жатқасын Жомарт мырза өнімділікті болжауға батпады. Одан қалды, бұл дақылдың гүлі балды жақсы береді. Шілденің ортасына қарай алқапқа омарташылар ағыла бастайды. Яғни биыл қарақұмық балы мол жиналады деген сөз. Мұндай әріптестіктің тәтті бизнес үшін ғана емес, шаруаларға да берері мол.

Жомарт Омаров – “Токуши Grain” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Ара бізге де тиімді, өйткені, өсімдік аналық және аталық ұрыққа бөлінеді. Олар бір бірімен тозаңдануы үшін бұл міндетті түрде қажет нәрсе.

Яғни, жәндіктер өнімділікті арттыруға сеп. Тек бұған ғана сеніп отыра беруге болмайды дейді шаруа. Ал енді жалқыдан жалпыға. Кей аграрийлер көктемде еге салып, күзде жинай салады. Бақыламайды, бағамдамайды. Өлкенің аграрлық секторын тежеп тұрған да осы – немқұрайлылық. Ал мол табыс алуға деген ғана құмарлықтың салдарынан технология мен ғылым да ұмыт қалып жатады.

Жомарт Омаров – “Токуши Grain” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

 – Бидайдың бағасы шарықтады деп, бәрі бидайды себеді. Ойбуй, сояның құны 250 мың болыпты деп, бәрі жаппай соя егеді. Бұлай болмайды, бәрі жүйелі түрде, ойланған, жоспарланған жолмен жүргенде ғана ауыл шаруашылығы дамиды. Сосын біз келіп себе салып, кейін шықпай қалды деп өкінеміз. 9 операция бар ма, соның бәрін бастан-аяқ және уақытылы істеуге сенің мүмкіншілігің, күшің мен техникаңның жағдайы жетуі керек.

Бұл қарақұмыққа ғана емес, дақылдың барлық түріне қатысты. Қазір егістік науқанының аграрлық аймақтағы нағыз қызған шағы. Жоспарлы 4 млн гектардың 2,7 мыңына, яғни шамамен 70 процентіне диқандар дән сіңіріп үлгерген. Дала жұмыстары маусымның 5-іне таман тәмамдалуы тиіс.

 

Саят Ермек