Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қ.Тоқаев митингілер туралы заңға қол қойды

Көкейдегіні биліктің құлағына жеткізу мүмкіндігі. Бұқара көптен күткен бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңға ел Президенті қол қойды. Оның ескі редакциясы 95-шы жылдан бері өзгеріс көрмеген еді. Енді Қазақстанда митинг, шеру мен демонстрация сынды басқосуларды өткізу және ұйымдастыру қағидалары біршама жеңілдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Митинги – допустимы, если они не нарушают закон, общественный порядок, не мешают покою граждан. Это моя принципиальная позиция.

Өзінің “принципиалды позициясын” Қасым-Жомарт Тоқаев өткен қыркүйектегі жолдауында алғаш айтқан еді. Митингілер туралы тұңғыш заң елде осыдан ширек ғасыр бұрын қабылданған, ескіргені айтпаса да түсінікті. Президент пәрмен берді, билік бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң жобасын әзірлеп, қоғам талқысына түсірді. Міне, араға шамамен жарты жыл салып Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды.

Саят Ермек – тілші:

– Оған сәйкес енді қандай да бір митинг, шеру не өзге де бейбіт жиынды ұйымдастыру үшін әкімдіктен рұқсат алудың қажеті жоқ. Оны құлағдар ету жеткілікті. Сондай-ақ, мұндай шаралар әкімдік белгілеген арнайы орындарда ғана өтеді және бұл орындар елді-мекеннің шетінде емес, орталығында орналасуы шарт.

Осылайша, бұқараның наразылықтары, талап-тілектері мен ұсыныстары биліктің құлағына жететін болады. Бірақ, шеруге шыққандар шектен шықпаса болды. Бейбіт жиналыстарда заңбұзушылықтар мен тәртіпсіздікке жол жоқ. Қазақстан қазір “еститін мемлекет” концепциясын құрып жатыр. Бұл заңның қабылдануы – елдегі демократиялық қоғамның орнын бекітетін маңызды қадам дейді сарапшылар.

Евгений Кинцель – заң консультанттарының солтүстікқазақстандық тәуелсіз палатасының басқарма төрағасы:

– Жаңа заңда бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы тұлғалардың, оларға қатысушылар және БАҚ өкілдерінің құқықтары мен міндеттері нақты көрсетіліп, жазылған. Осының арқасында шерушілердің де, шараны үйлестіретін атқарушы биліктің де іс-әрекеттерінің құқықтық негізі пайда болды. Сондай-ақ, заңда “митинг”, “жиналыс”, “пикет”, “шеру” сынды негізгі ұғымдарға кең түсініктеме берілген.

Людмила Голенкова – СҚО кәсіподақ орталығының заң мәселелері және медиация жөніндегі бас маманы:

– Бейбіт жиналыстар – бұл мемлекет пен халық арасындағы диалогтың заңды формасы болып саналады. Әр адам өз көзқарасын, ойындағысын жеткізуге құқылы. Жаңа заң азаматтарға Контитуцияда жазылған құқықтары мен бостандықтарын жүйелі түрде пайдалануға мүмкіндік береді.

Саят Ермек – тілші:

– Сондай-ақ, бейбіт жиналыстар туралы заңның жаңа редакциясына сәйкес азамат, мәселен, әкімдіктің алдына келіп, өз наразылығын білдіріп, ойдағысын айта алады. Бірақ, ол жалғыз болуы тиіс яки бір адамдық пикеттерді үкіметтік ғимараттардың алдында өткізуге тыйым салынбаған.

Бейбіт жиындар туралы билікке хабар беру мерзімі де әжептәуір қысқарды. Митинг не пикет өткізу үшін әкімдікті 5 күн бұрын құлағдар ету қажет, ал ол 3 жұмыс күні ішінде жауабын беруге міндетті. Ал одан да ауқымды шеру я демонстрация өткіземін дегендер өтінішті енді 15 емес 10 күн бұрын беруі шарт. Қарастыру мерзімі де 10 жұмыс күнінен 7 жұмыс күніне дейін қысқарды. Бұдан бөлек мемлекет басшысы мамырдың 25-і сайлау және саяси партияларға қатысты тағы бірқатар заңдағы өзгерістерді қолтаңбамен бекітті. Мәселен, енді елдегі саяси партиялардың кем дегенде 30 пайызын әйелдер мен жастар құрауы тиіс.

Саят Ермек