Құқық қорғау органдары

Тәртіп сақшылары жергілікті автоклуб мүшелерімен кездесті

Түн жарымдағы мотор гүрілі мен шиналардың шиқылы. Петропавлдықтар тарапынан жүргізушілер ұйқы бермейді деген шағымдар жиілеген. Себебі, күн батқанда көлік иелерінің көбі қала көшелерімен зулауға әуес. Сондықтан жергілікті тәртіп сақшылары шаһардағы автоклубтардың мүшелерімен кездесіп, жоғары жылдамдықты жаны сүйетіндерге жолда жүру ережелерін тағы бір мәрте түсіндірді. Тыныштықты бұздың ба, 14 мың теңгенің айыппұлын төлеуге дайын бол.

«JZ», «Mersedes», «BMW» және «Subaru». Бұл – жергілікті автоклубтардың атаулары. Жуырда тәртіп сақшылары аталған ұйым мүшелерімен кездесу өткізіп, жолда жүру тәртібін түсіндірді.

Айдын Байматов – СҚО ПД ЖПҚБ бастығы:

– Біздің басты міндетіміз сіздерді тоқтатып, жауапқа тарту емес. Тап қазір сіздердің бастарыңызды қосып, талқылаған жөн деп санаймыз, сіздер басқа автоәуесқойларға бұзушылық үшін көзделген жауапкершілікті жеткізіп, бұзушылықтардың алдын алуда өз үлестеріңізді қосасыздар. Сағат 23.00-ден кейін шулауға болмайтыны туралы ескертеміз. Көліктің шулаған дыбысы барлық адамдардың мазасын алады.

Иә, түнгі уақытта шулауға болмайды. Тыныштықты сақтау қажет. Дегенмен, кей жағдайларда көліктің дыбысы қатты шығып жатады. Бұны да жүргізушілерге ескеру қажет. Әйтпеген жағдайда жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Автоклуб мүшелері өз кезегінде жолда жүру ережерін сақтаймыз, айтылған ескертулерді ескереміз деп сендірді.

Евгений Мурыгин – «Mersedes» автоклубының мүшесі:

– Тәртіп сақшыларымен кездесу барысында біраз дүние білдік. Айтылған ескертулерді алдағы уақытта ескеретін боламыз.

Жалпы, жыл басынан облыс жолдарында 74 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 12 адам көз жұмып, 102-сі түрлі дене жарақатын алған.

Дана Сәлімқызы