Спорт

Спортшылар жаттығуды далада өткізуде

Жерлестеріміз үшін соңғы екі ай қиындау болды. Пандемияға байланысты азаматтар уақыттарын 4 қабырғада отырып өткізді. Ал спортшыларымыз болса, жаттығуларын үлкен залда емес, үйде жасады. Төтенше жағдай аяқталған соң ахуал қазір сәл тұрақталуда. Өңірлік гимнастшылар мен аяқдопшылар жаттығуларын ашық аспан астында өткізуге кірісті.

Бітті ғой әйтеуір. Сүйікті істерімен айналысып жүрген спортшыларды көрген кезде ойға бірден осы сөз келеді. Мәселен, мына жас гимнастшылар. Жүздерінде – күлкі мен қуаныш, қолдарында – секіргіші мен добы. Бүгін жеткіншектер төтенше жағдайдан кейін ашық аспан астындағы алғашқы жаттығуларын өткізуде.

Алина Яблочникова – гимнастшы:

– Жаттықтырушым және қыздармен кездескеніме қуаныштымын. Мен бұл күнді асыға күттім. Үйде отырып ішім пысты. Сондай-ақ, спорттық жабдықтармен жаттығу жасай алмадық. Ал далада емін-еркін жүгіріп, секіріп жүрміз.

Гимнастшы қыздар таңғы сағат 9-да жаттығуларын бастайды. Бүгін көк алаңның үстінде бірінші күн. Залмен салыстырғанда даладағы жаттығудың да қиыншылықтары бар екен.

Анастасия Норкина – гимнастикадан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:

– Қыздар 1 айдан астам үйде отырды. Мен олармен онлайн жаттығу жүргіздім. Кейде интернеттің нашарлығынан бағдарлама істемей қалды. Оңай болған жоқ, әрине. Бүгін міне далаға шығып бой жазып жатырмыз. Бірақ, соның өзінде жел кедергі келтіріп тұр. Қолдағы доп ұшып кете береді.

Өңірлік аяқдопшылар да бүгін алаңға шықты. Бұл – «Қызылжар» футбол клубының жастар құрамасы. Бүгінде командада 25-тен астам ойыншы бар. Жігіттер үйде отырса да жаттығуды тастамадық дейді. Себебі, алда ел чемпионатының 2-ші лигасы бар.

Александр Сидоров – «Qyzyljar» ФК жастар құрамасының бапкері:

– Алаңға шығып, доп тепкенге не жетсін. Төтенше жағдай уақытында жаттығуды онлайн жүргіздік. Жігіттерге тапсырма беремін соны орындады. Жер үйде тұратындар аулаларына шығып жүгірді. Жаттығуды тастамау маңызды болды. Өйткені, алдағы уақытта ел чемпионаты өтеді. Сонда өңір намысын абыроймен қорғау қажетпіз.

Төтенше жағдай уақытында барлық жарыстар мен жаттығулар тоқтап қалған еді. Бапкерлер тікелей эфирде сабақ берсе, кәсіпқой спортшылар шеберлік сағаттарын жүргізді. Қазір жағдай біртіндеп қалыпқа келіп жатыр.

Бердимурат Баймухан