Білім

Қос түлек республикалық сайыста үздік атанған

Биыл қаладағы қазақ мектеп-гимназиясынан 70-тен астам түлек түлеп ұшты. Ұл-қыздардың басым бөлігі түрлі дүбірлі додаларда өңір намысын қорғап, жүлделі орын алған. Белсенді жастардың арасында Жазира Сандыбай мен Алина Тутуева да бар. Олар өткен жылы республикалық ғылыми жобалар сайысында өз туындыларын ұсынып, жеңімпаз атанған екен.

Алина мен Жазира сүйікті мектептерін күні кеше тәмамдады. Бірақ, алтын ұяларын әлі қимай жүр. Олар білім ұясына келіп, өткенді, қызыққа толы балалық шақтарын еске алады. Екеуі бірлесіп талай облыстық сайыстарға да қатысыпты. Солардың бірі «Заманауи технологияларды Петропавл қаласына енгізу» деп аталады. Бұл байқауда өздерінің жобасын ұсынып, 1-орынды иеленген екен.

Жазира Сандыбай – оқушы:

– Біз датчикті бағдаршам ойлап тапқан болатынбыз. Бергіштің көмегімен кез келген уақытта көліктің нөмірі және ішіндегі адамды тез анықтауға болады. Оған қоса бағдаршам қай көшелерде көлік кептелісі болып жатқанын көрсетеді.

Бойжеткендер осымен тоқтап қалмапты. Олар өз жобаларын дамытып, республикалық сайысқа да қатысып қайтқан. Оқушылардың тың идеясы қазылар алқасының көңілінен шығып, байқауда 3-ші орынды жеңіп алыпты.

Алина Тутуева – оқушы:

Сайыста түрлі облыстардан келген 20-ға жуық оқушы болды. Әрқайсысы ел экономикасын жақсартуға арналған жобаларын ұсынды. Қарсыластарымыз осал болмады. Десе де, еңбегіміздің көптің көңілінен шыққанына ризамыз.

Алина мен Жазира алдағы уақытта жобаларын іс жүзінде қолдануды көздеп отыр. Ол үшін жоғарғы оқу орнына түсіп, білікті маман атанбақшы.

Маржан Қасымбек