МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы

Республикалық маңызы бар жолдарда құрылыс жүргізу, жолдың бойына жарнама орналастыру сынды мемлекеттік қызметке өтініш электронды түрде беріледі. Жалпы, жыл басынан бері өңірде “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясының облыстық филиалы – 4, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 20 өтінім қарастырған. Бұл туралы бүгін онлайн брифингі барысында айтылды.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 4 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Олардың әрқайсысына жіті тоқтала кетсек. Алғашқы түрі – жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын тұлғаларға лицензия беру. Екіншісі – жолдың бойында жарнама орналастыру. Қос қызметке қатысты өтініш электронды түрде қабылданады, ол 5 күннің ішінде дайын болады екен. Сондай-ақ, аталған мекеме жолаушылар тасымалын жүзеге асыратындардың шығынын субсидиялаумен айналысады. Бұл қызметті теріскейліктер кеңседен ғана ала алады.

Асхат Бакеев – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы: 

– Онымен қоса, біздің ведомство өздігінен жүретін шағын кемені басқаруға куәлік береді. Ол электронды және жазбаша түрде жүзеге асырылады. Жалпы, өткен жылы – 90-ға жуық, ал биыл 20-дан астам қызмет көрсеттік.

Мемлекеттік қызметтерді «ҚазАвтоЖол» компаниясының облыстық филиалы да ұсынады. Мұндағы мамандар желілер мен құбырлардың халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарды қиып өтуіне қатысты, сондай-ақ, автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат қағазын береді.

Болатбек Айтбаев – “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ СҚОФ директоры:

– Мемлекеттік қызмет алуға өтініш берілген соң алдымен тиісті құжаттар тексеріледі. Өтінім барлығы талапқа сай болғаннан кейін ғана қабылданады. Жалпы, бұл үрдісті рәсімдеуге 5 күндей уақыт кетеді.

Жалпы, «ҚазАвтоЖол» компаниясының жергілікті филиалы өткен жылы – 60, ал биыл 4 мемлекеттік қызмет көрсеткен екен.

Актолкын Солтанханкызы