МТРА жаңалықтарыАуыл шаруашылығы

Жергілікті тауарлар дүкен сөрелерінде алдыңғы қатарда тұруы тиіс

Жергілікті тауарлар дүкен сөрелерінде  тасада емес, алдыңғы қатарда тұруы тиіс. Және тұрғындар импорттан гөрі отандық өнімді көбірек пайдаланғандары жөн. Өткен аптада облыс әкімі Құмар Ақсақалов Тайынша және Аққайың аудандарына барды. Өңір басшысы жұмыс сапары кезінде бірнеше кәсіпорының тыныс-тіршілігімен танысып, кәсіпкерлерге бірқатар міндет жүктеді.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі ең алдымен «Иван Зенченко» серіктестігіне бас сұқты. Қазіргі күні компания Аққайың ауданына қарасты Ленинский ауылында су жаңа сүт кешенін тұрғызып жатыр. Әзірге, нысанның қаңқасы көтерілуде. Алдағы уақытта мұнда 1600 бас ірі қара әкелінбек.

Геннадий Зенченко – «Иван Зенченко» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Венгрияда 450 тайынша карантинде тұр. Тағы 400-ін Рублевкадан жеткіземіз. Әзірге, ірі қараларды сол жақта қабылдаймыз, нысанның құрылысы аяқтала салысымен бірден алып кетеміз. Осында 28 орынға шақталған сауу залы болады. Қажетті қондырғылар шілденің соңында келеді.

Өңірімізде ірімшік өндірісі ақсаңдап тұр. Тәжірибелі бизнесмендер бұл бағытты да қолға алып, басқаларға үлгі көрсетулері тиіс. Облыс әкімінің айтуынша биыл бірнеше кәсіпкер ірімшік шығаруды бастайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл Саумалкөлде ірімшік өндіру іске қосылады. Ал Новоишимкада шағын цех ашылады.

Геннадий Зенченко – «Иван Зенченко» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Ірімшіктің сулугуни сорты бойынша біз келіссөз жүргізіп жатырмыз, жабдықтар бойынша келісім-шарттар жасалды. Қазір коронавирусқа байланысты зауыттар өз міндеттерін толық орындай алмай отыр. Қажетті аппараттардың бір бөлігі өзімізде бар.

Қазіргі уақытта өңірімізде шұжыққа деген қажеттілік толық қамтылмай отыр. Жалпы сұраныс 1700 тонна десек, өндіретініміз 1200 ғана екен. Бұл бағытта жұмыс істеуді жас «ЕМС Агро» серіктестігі мықтап қолға алған. Іскер азаматтар алдағы уақытта өнімдерін басқа да өңірлердегі дүкен сөрелеріне жеткізуді жоспарлауда.

Дәмді өнімнің 48 түрі, жыл соңына дейін оның саны 2,5 есеге артады. Бұған өндіріс күші толығымен жетеді. Айта кететін тағы бір жайт: кей жағдайда солтүстікқазақстандық шұжықтар дүкен сөрелерінен табылмай қалады екен. Осы орайда өңір басшысы тапсырыс берушілердің назарын жергілікті өнімге аударту қажеттігін жеткізді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өнім түрлері сауда желілері мен дүкен иелеріне кеңінен таныстырылуы керек. Және жергілікті тауарлар көзге көрінетін жерге қойылғаны дұрыс. Өйткені, импорттық дүниелер көбінесе үстінде болып, біздің өнімдер соның тасасында қалып жатады. Бұл жағын қадағалау қажет.

Сондай-ақ, бұл жерде екінші шошқа кешені салынып жатыр. Кәсіпкер іс келесі жылы аяқталады дейді.
Құмар Ақсақалов тайыншалық аграрийлермен кездесуінде өндіріс қарқынын күшейту қажет екенін тілге тиек етті. Тұрғындар шет елден әкелген тауарлардан гөрі отандық өнімді көбірек пайдаланғандары жөн деді өңір басшысы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұршақ пен жасымық бойынша сұранысты жауып отырмыз. Арпа мен арпа жармасы бойынша 1,5 мың тонна қажеттілік бар. Оның барлығы өзімізде қайта өндіріледі. Ал ұнтақ жармасына сұраныс облысымызда 1300 тонна, біз оны да толық жауып отырмыз. Негізі, одан да көп өндіруіміз қажет.

Өңір басшысы «BioOperations» зауытына да ат басын бұрды. Кәсіпорында экологиялық таза бензин өндіріле бастайды. Мамандар оны француздық қондырғылардың көмегімен жасамақшы екен.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биоэтанол – сұранысы жоғары тауар. Еліміздегі мұнай өндіретін зауыттар евро-5 автобензинін өндіруге көшті. Оны шығаруда біздің биоэтанол таптырмас өнім. Ең бастысы, экологиялық таза әрі қауіпсіз.

Ал Келлеровкада биыл Мәдениет үйінің жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Ғимаратқа әдетте жұртшылық тек концерт пен мерекелерде жиналады. Алдағы уақытта оның жұмыс істеу форматы өзгермек. Тұрғындар үшін мұнда түрлі үйірмелер ашылады. Спортпен шұғылданамын дегендер үшін елді мекенде дене шынықтыру-сауықтыру орталығы тұрғызылуда. Нысанның ішкі де, сыртқы да стилі мен дизайны ерекше болмақ. Айтарлықтай өзгеріс аудан орталығының кейбір жолдарында да болады. Оларды қалыпқа келтіруге 170 млн теңге қарастырылған. Одан бөлек те ауқымды жұмыстар жүргізілмек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аудан орталықтарындағы жолдарды жөндеу үшін біз әр өлкеге тағы 35 млн теңгеден бөлдік. Қаражат барлығы 10 ауданға бағытталды. Ал Новоишимка, Саумалкөл мен Бескөлдегі жолдар жақсы. Былтыр жөндеген едік. Биыл да шаруа жоспарға сай атқарылады.

Облыстық қазынадан қаражат Озерное селосындағы жолдарды жөндеуге де бөлінеді. Елді мекенге кіреберіске қиыршық тас төселген. Ал ауылдың ішінде шаруа жетерлік. Дәл осы жерде еліміздің қасиетті жерлерінің бірі – «Звезда Казахстана» алтарі орналасқан. Енді оның қасында орналасқан балабакша тауап етушілердің орнына айналмақ. Ішінде асхана, бөлмелер мен лифті болады.Жыл сайын мұнда 2 мыңға жуық адам келеді екен.

Эльмира Садвокасова