ТЖ

Құтқарушылар су жағасында көрме өткізді

Құтқарушының су астына түскенде киетін арнайы киімі 20 келі тартатын көрінеді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бүгін су жағасында көрме өткізді. Аптап ыстықта, ауыр дүниелерді әкеліп, рет-ретімен қойып, оны қызықтаған әр балаға  қызықты етіп әңгімелеп беруге мамандар жалықпады. Мақсаттары – көрмені құр өткізе салмай, шомылуға келген адамдарға  қауіпсіздік жайын ұмытпауды қаперге салу.

Пестрое жағасы. Ине шаншар жер жоқ. Тұрғындарды түсінуге болады. Дала шыжып тұр, сынап бағанасындағы көрсеткіш – 34 градус. Төрт қабырғадан көлге қарай ойысқан адамдар суда самалдап жүр. Балалар да, егде жастағылар да осында. Демалыс демалыспен, бірақ судағы да, коронавирусқа қатысты да қауіпсіздік шараларын қаперде ұстау керек.

–  Қалада тұрғандықтан осында жиі келемін. Коронавирус болған соң барлық сақтық шараларын сақтаймыз.

– Жақсы жер. Өзім де жақсы жүземін.

– Бізде жұрттан қалмайық деп келдік. Күн ыстық.

Суға түсу маусымы басталғалы бері құтқарушылардың жұмысы артқан. Олар жағажайда тәулік бойы кезекшілік атқарады. Мұнда төтенше жағдай қызметінің мамандарынан бөлек, медицина қызметкерлері мен полицейлер де жүр.

Алтай Тезекбаев – СҚО ТЖД жедел құтқару жасағының жетекшісі:

– Мұнда екі жүзу қайығы әзір тұр. Сондай-ақ 8 адам кезекшілік атқаруда.

Акваланг, резеңке киім, арнайы көзілдірік. Күннің ыстығы мен жұмыстың тығыздығына қарамастан мамандар келіп-кетушілерге арнап көрме ұйымдастырды. Мұнда демалушылар құтқарушы құралдарының қызметімен танысты. Кейбіреуі салмағы 20 келі тартатын жүзу костюмін киіп көруге тырысты.

Жалпы, облыс аумағында жүзуге рұқсат етілген 58 орын бар екен. Оның екеуі – қалада.

Маржан Касымбек