Білім

Соңғы қоңырау онлайн режимде өтті

Соңғы қоңырау, асқақ арман, кемел келешек. Өңірде 72 мыңнан астам оқушы үшін кезекті оқу жылы аяқталды. 3 мыңнан аса шәкірт қолдарына аттестаттарын алып, үлкен өмірге қадам басады. Бұл жолғы мектеппен қоштасу салтанаты білім ұясында емес, елдегі жағдайға байланысты амалсыздан онлайн түрде өтті. Дегенмен, жастар бұндай әдіске еш мұңайған жоқ. Мұңаятын шақ емес дейді. Алда Ұлттық бірыңғай тестілеу тұр.

Оқушылар үшін асыға күткен күн де келіп жетті. Ұл-қыздар кезекті оқу жылын аяқтады. Дәстүрге сай бұл күні барлық мектеп қабырғаларында соңғы қоңырау соғылу керек еді. Бірақ, биыл емес. Бұл жолы коронавирус кедергі келтірді. Сол себепті, оқушылар салтанатты кешті мектеп қабырғасында емес ZOOM кеңістігінде өткізді. Осыған байланысты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бейне хабарлама арқылы ұл-қыздарды, ата-аналар мен мұғалімдерді мерекемен құттықтады.
Ал түлектер үшін мұндай шара кейінірек өткізілмек. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова бұған дейін баяндаған болатын .

Гүлмира Кәрімова: СҚО білім басқармасының басшысы:

– Екі шараны біріктіруге шешім қабылданған болатын. Соңғы қоңырау мерекесі мен аттестаттарды тапсыру 3-ші, 4 -ші маусымда өткізілетін болады.

11 жыл білім нәрімен сусындаған ұл-қыздар енді үлкен өмірге қанат қақпақ. Қазір олардың алдындағы басты мақсат қолдарына көптен күткен куәліктерін алып, алдағы сын ҰБТ-ны тапсыру болып отыр. Тыңғылықты дайындықты қажет ететін сынақты биыл көппен бірге Дарина Маратова да тапсырады. әл-Фараби мектеп-лицейінің түлегі – “Алтын белгіге” үміткер.

Дарина Маратова – әл-Фараби мектеп-лицейінің түлегі:

– Мен болашақта медицина саласында қызмет еткім келеді. Сол себепті ,Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап отырмын.

Ал мына жастар – химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары. Биыл оқу ордасын 108 түлек тәмамдап отыр. Онлайн режимде өтіп жатқан салтанатты кешке оқушылар барынша дайындалған екен.

Нұрғали Елшібеков, Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

– Біз дәл қазір Кембридж университетінен жауап күтіп жатырмыз. Ол екі аптаның ішінде белгілі болады. Сол нәтижеге байланысты түлектер сертификат алады. Кейін, ҰБТ-ға тапсырады.

Жалпы, СҚО-да 72 мыңнан астам оқушы үшін кезекті оқу жылы аяқталды. Оның 3 мыңы – түлектер. Жастардың 151-і – “Алтын белгіге”, 116-сы – “Үздік аттестатқа” үміткер.

Ақтолқын Солтанханқызы