СпортҚұрылыс

Өңірде спорт нысандары жөнделуде

77 млн теңге. Биыл облыстық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде жөндеу жұмыстарын атқару үшін осынша қаржы бөлінген. Қазіргі күні мамандар істің жартысына жуығын тындырған. Ғимараттың іші сырланып, көлік қоятын орын мен қоймалардағы электр желілері ауыстырылыпты.

Облыстық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіндегі ағымдағы жөндеу жұмыстары мамыр айының ортасында басталған. Биыл мұнда ауқымды жұмыс атқарылмақ. Шәкірттері еліміздің бүкіл әлемге танылуына үлес қосып жүрген спорт нысанының іші-сыртын жөндеу үшін биыл республикалық бюджеттен 77 млн теңге бөлінген екен.

Қайдар Мақышев – СҚО олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі директорының орынбасары:

– 77 млн теңге бөлінді. 22 млн-ға мектептің шатырын ауыстырамыз. 55 млн-ға жатақхананың ішін жөндейіміз.

Ал мына жерде жақында жаңа воркаут алаңы пайда болмақ. Жұмысшылар бірнеше күннен кейін осында жаңа асфальт төсейді. Ал жаттығуға қажетті құралдарға тапсырыс алдын ала беріліп қойыпты.

Мамандар мұндағы жертөле, қоймалар мен көлік қоятын гараждарды жөндеу жұмысы жаздың соңына дейін аяқталады дейді. Жалпы, барлығы – 10 шақты нысан. Қазірдің өзінде жұмыстың жартысы дерлік тәмамдалып қалыпты. Электр желілері ауыстырылып, едендер бетондалған.

Қайдар Мақышев – СҚО олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі директорының орынбасары:

– Гараж бен қойманың төбесі жабылып, сырты қапталды. Енді, мектептің шатыры мен сигнал беру жүйесін ауыстыру ғана қалды.

Ғимараттың сыртында жұмыс қалай болса, ішінде де шаруа солай қызып тұр. Мұнда жатақхананың төбесі қайта жасалып, жарықшамдары ауыстырылған. Қазір нысанның іші сырланып бітті. Алдағы уақытты қабырғалар ашық түстерге боялып, әрленеді.

Бердімұрат Баймұқан