МТРА жаңалықтары

ХҚКО маңындағы ағаштарды кім кесті

Петропавлдағы Халыққа қызмет көрсету орталығы маңындағы саябақ 10-нан астам ағашқа кеміді. Аумақтағы жасыл желектің бір бөлігін жеке кәсіпкер заңсыз кесіп тастады. Жер меншігінде болса да қайыңдар мен теректерді отамас бұрын ол әкімдіктен рұқсат алуы тиіс болған еді. Бірақ, мұны жөн көрмесе керек.

Қалалық ХҚКО-ның маңындағы көрініс қазір осындай. Бұрынғы жасыл желек жер сүзіп жатыр. Ара тиген ағаштардың саны 10-нан асады. Арасында терек те, қайың да, үйеңкі де бар. Қаланың қақ ортасындағы “табиғатқа қарсы қылмысты” тұрғындар байқап қалса керек. Байқай сала, шаһар әкімдігіне хабар берген. Жұрт жағдайға қатысты не дейді? Сұрап білдік.

– Айтарға сөзім жоқ, сұмдық. Интернеттен оқып, көзбен көрмекке әдейі келдім. Сап-сау ағаштарды ойрандауға кімнің дәті барды екен?! Осылай жалғаса беретін болса, жасыл қаламыздан айырылып қаламыз. Мұны тоқтату керек.

– Теректерді кескенге өз басым қарсы емеспін, өйткені мамығына аллергиям бар, қоқымы да көп. Тек орнына басқа ағаштарды отырғызса игі болар еді.

Пікір екіге бөлінді, бірақ кесудің заңсыздығында шүбә жоқ. Ағашы көп бұл жарты гектарлық аумақ жергілікті жеке кәсіпкерге тиесілі. Сонау 2006-да сатып алып, сауда үйін салмақшы болыпты. Алайда, әкімдік құрылысқа рұқсат бермеген. Ал бұл жолы бизнесмен “жер менікі, не істесем де өзім білемін” деп санаса керек, жасыл желекті аяусыз отаған. Тек бұл үшін де шаһар билігінен рұқсат алу керектігі ойына да келмеген.

Асқар Хабибулин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Жер телімі меншігінде болғанымен, отауға ол әкімдіктен келісім алуы тиіс еді. Кәсіпкер мұны білмедім деп ақталып отыр. Ақпарат уақытылы түспегенде, араланған ағаштардың саны бұдан да көп болар еді. Қазіргі таңда азаматқа қатысты әкімшілік материал жиналып, сотқа жіберілді.

Сот бизнесмен төлеуі тиіс айыппұл мөлшерін бекітеді. Қанша екені әзірге белгісіз. Белгілісі бір, айыпты енді балта тигізген бір ағаштың орына жаңа 5-уін отырғызуға міндетті. Яғни, жуық арада жапа шеккен саябақта да, қаланың басқа аумақтарында да 50-ден астам жаңа көшет пайда болмақ.

Саят Ермек