МТРА жаңалықтары

Автобустарда маска киюге қатысты рейд өткізіп жатыр

Карантин қыспаққа алмасын десеңіз, маска тағыңыз. Бір мекемеге кірдіңіз бе, автобусқа отырдыңыз ба – беттен бетперде түспесін. Өйткені, бұл – коронавирустың таралуына жол бермеудің бірден бір амалы. Жалпыға ортақ ережені елемеген тұрғындарға тәртіп жағын тағы бір рет еске салу үшін бүгін, тіпті, “Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы Галина Семенованың өзі шықты.

Карантин ережелері жеңілдетілді, бірақ әлі алынған жоқ. Сондықтан, жағаны жайлауға салып, санитарлық талаптарды ұмытуға болмайды. Күн қайта ысыды, дала қапырық. Автобустың ішінде тіпті ауа жоқ десе де болады. Бірақ, бәрібір маска тағып отыру керек. Талап бір – қоғамдық орындар мен автобустарда міндетті түрде бетперде кию қажет.

Галина Семёнова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Тұрғындар ережелерді сақтамаған жағдайда қоғамдық көліктердің қозғалысы қайта тоқтатылуы мүмкін. Автобус ішінде маска тағып отыру керек. Бұл жүргізушіге де қатысты. Оларға да жұмыс барысында бетпердені шешуге тыйым салынған.

“Сақтансаң, сақтаймын”. Қазіргі жағдай осыған сайып тұр. Қоғамның ішінде коронавирус індетінің бар-жоғына сенбейтіндер бар, сенгендері болса індет мені айналып өтеді деген сенімділер бар. Бірақ, коронавирус сенбейтіндерді де, сенімділерді де таңдамайды. Кезікті ме жұғады. Егер қорғаныш құралы болса, жұқтыру тәуекелі азаяды.

–  Өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығы үшін автобустарда міндетті түрде маска тағып отыру керек. Айтылған талаптарды мүдірмей орындаған жағдайда ғана коронавирусты жеңеміз. 

–  Балада маскасы жоқ екен. Біз өзімізде артық болғанын бердік.

– Маска мен қолғап киіп, қолымызды жуып отыруымыз керек.

Мынадай қапырықта қалай маска киіп жүруге болады деп таңқалатындар табылуы мүмкін. Ауруханаларда коронавируспен 2 айдан бері күрес жүргізіп, тәулігіне 24 сағат бойы бетпердемен жүрмек түгілі, жұмыс істейтін дәрігерлердің әрекетін ерлік деп бағалауға болады. Сол себепті, автобустың ішінде жарты сағатқа шыдауға болар.Еске сала кетейік, коронавирус жұқтырудың өсімі 7 пайыздан асқан жағдайда карантин шаралары қайта қатаңдатылуы мүмкін. Қапырық емес, карантин қыспаққа алмасын десеңіз маска тағыңыз.

Маржан Қасымбек