Kurultai banner mobile

Қоғам

“Жасыл ел” жасағы кезекті маусымын бастады

Елімізде “Жасыл ел” жасағы 2005 жылы құрылды. Содан бері еріктілер өңірді абаттандыруға мол үлес қосып келеді. Жергілікті жасылелдіктер кезекті маусымдарын мамыр айының 15-сінде бастаған. Биыл оның сапында 600-ден астам сарбаз болмақ.

Ағаш отырғызу, орындықтарды сырлау, айналаны күл-қоқыстан тазарту. Бұл шаруаларды жыл сайын “Жасыл ел” жасағының еріктілері тындырады. Биыл өңірде ұл-қыздардың кезекті жұмыс маусымы мамыр айының бел ортасында басталған екен.

Арслан Қарханов – “Жасыл ел” жобасының СҚО бойынша үйлестірушісі:

– Бүгінде 70-ке жуық жас жұмыспен қамтылған. Тиісті шаруалар қалада, Тайынша және Шал ақын аудандарында жүріп жатыр. Жасылелдік сарбаздар маусымның 1-інен бастап тағы 6 ауданға барады.

Жалпы, “Жасыл ел” сапында 16 мен 28 жас аралығындағы кез келген азамат жұмыс істей алады. Олардың жалақысы 35-80 мыңның аралығында болмақ. Еріктілер өтініштерін сәуірдің 1-нен бастап берген. Іріктеу онлайн форматта өтіпті.

Арслан Қарханов – “Жасыл ел” жобасының СҚО бойынша үйлестірушісі:

– Егер ерікті кәмелеттік жасқа толмаған болса, оған бірнеше құжаттың көшірмесін жіберу міндеттеліп отыр. Атап айтсақ: туу туралы куәлік, оқу орнының басшылығы мен ата-ана тарапынан жұмыс істеуге рұқсат берілген қағаз. Жалпы, бүгінде қала мен аудан орталықтарынан 200-ге жуық өтініш келіп түсті.

Биыл өңірде қоршаған ортаны тазарту жұмыстарына барлығы 665 жасылелдік сарбаз қатыспақшы.

Актолкын Солтанханкызы