МТРА жаңалықтары

Уәлиханов ауданында “Ашық әкімдік” жұмысын бастады

Өңірде 8-ші “ашық әкімдік” өз жұмысын бастады. Уәлиханов ауданына қарасты Кішкенекөл ауылындағы орталықта  тұрғындарға 40-тан аса мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Азаматтарға құқықтық сұрақтар бойынша адвокаттар кеңес беріп, базынасын  апта сайын жергілікті атқамінерлер тыңдайтын болады.

Орташа есеппен адам өз өмірінің 6 айын кезекте тұрумен өткізеді екен. Бұл сандық көрсеткіш күннен-күнге азаюда. Неке туралы анықтама алу, жер учаскесін рәсімдеп, жәрдемақыға өтініш беру. Мәселен, бұл шаруаны тындыру үшін уәлихановтықтар бүгінге дейін 3 бірдей бөлімнің табалдырығын тоздырып, біраз уақыттарын жоғалтатын. Енді барлығы өзгерді. Халыққа жақын болу мен мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету қағидаты іске асырылуда. Қажет құжаттар мен кеңесті бар болғаны «Ашық әкімдікке» келіп қана алуға болады.

Зарина Рахимжанова – Кішкенекөл ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы:

–  Мен баспана кезегіне тұрғым келеді. Тұрғын үйге кімнің қол жеткізе алатынын білмедім. Ашық әкімдікке келгенім де сондықтан. Мамандар барлығын түсіндіріп берді.

Тез әрі ыңғайлы. Бастысы – парақорлыққа жол жоқ. Тұрғындарға аса қажет деген 40-тан аса мемлекеттік қызмет ашық көрсетіледі. Мұнда халық сұранысына ие 5 бөлімнің мамандары жұмыс істеуде әрі заң мәселелері бойынша сұрақ туындаса, тегін кеңесті адвокаттан алуға болады. Базынасын аудан әкімі мен орынбасарларына жеткіземін деген азаматтарға да апталап кезекте тұрудың қажеті жоқ. Атқамінерлер жұма сайын қоғамдық қабылдау өткізетін болады. «Еститін мемлекет» тұжырымдамасының көздегені де осы дейді өңір жетекшісінің орынбасары Ғани Нығыметов.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Ең бастысы осы жерде барлық мемлекеттік қызметтер көрсетілуі тиіс. Ашық әкімдіктер Алматы да, Нұр-Сұлтан қаласында да бар. Жақсы тәжірибе. Бұның барлығы халық үшін жасалуда.

Өзіне-өзі қызмет көрсету секторы да бар мұнда. Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдауға арналған бөлме де жарақталмақ. Мақсат – Кішкенекөлмен тоқтап қалмау. «Оpen space» форматына әрбір селолық округтің атқарушы билік органдары көшулері тиіс. Жыл соңына дейін халықпен өңірдегі барлық аудандар ашық жұмыс істейтін болады.

 

Эльмира Садвокасова