Қоғам

Петропавлда тегін автотұрақтар салына бастады

Петропавлда тегін автотұрақтар салына бастады. Биыл бұл бағытқа бюджеттен 47 млн теңге бөлінген болатын. Бүгін оның алғашқысы қаладағы Новая көшесінің бойында пайда болды. Автотұраққа 60-қа жуық көлік сыяды. Машиналардың қауіпсіздігіне де баса мән берілген.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Біз қаладағы пайдаланылмай тұрған жерлерді қайтарып алып, оның орнына автотұрақ жасағымыз келеді. Ол түгел жабдықталады. Жарықтандырамыз, бейнекамералар орнатамыз.

Қала әкімі Болат Жұмабеков осыдан бір апта бұрын ұйымдастырылған баспасөз турында Құмар Ақсақаловқа Петропавлда атқарылатын ауқымды жұмыстар жайлы баяндады. Шаһар басшысы облыс орталығында 10 тегін автотұрақ салынатынын мәлімдеген болатын. Міне, көп ұзамай іс басталып, айтылған уәде орындалып жатыр. Новая көшесінің бойында алғашқы автотұрақтың құрылысы аяқталып қалды.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

 – Қазіргі Новая көшесінің 110, 108, 112-ші үйлерінің арасында осындай бірінші тегін автотұрақ қолданысқа берілгелі жатыр. Бірнеше күннің ішінде толық аяқталатын болады. Бұл автотұрақтың аумағы – 120 шаршы метр.

Тұрғындар аулада артық қимылдау мүмкін болмайтын дейді. Әсіресе, балалар үшін. Есік алдына шығып ролик, самокат тебе алмайсың. Себебі, бүкіл орынды көлік алады. Бүгін жерлестеріміздің көптен күткен арманы орындалды. Құрылысы аяқталуға сәл-ақ қалған жаңа автотұраққа 60-қа жуық темір тұлпар сыяды екен.

– Мен осында 12 жылдан бері тұрып келемін. Туыстарым қонаққа келген кезде көлік қоятын жер іздеп әлек болатын. Енді орын барлығына жетеді деп ойлаймын.

–  Көліктерге бөлек орын салған дұрыс. Балалар алысқа ұзамай аулада емін-еркін ойнай алулары тиіс. Біз – ата-аналар да уайымдамайтын боламыз.

Жалпы, 10 автотұрақты салу үшін бюджеттен 47 млн теңге бөлінген болатын. Мамандар шаруаны жаз уақытында аяқтаймыз дейді. Сонымен қатар, көліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олардың барлығына жарық тартылып, бейнекамералар орнатылмақ.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан