Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қоағамдық көлік түйткілі шешілер емес

Маршруттар бірін-бірі қайталайды, көліктер ескі, ал есеп айырысу – қолма-қол. Айта-айта жауыр болған Петропавлдағы қоғамдық көліктің жыры әлі де жалғасуда. Түйткіл қалалық қоғамдық кеңестің отырысында тағы бір қайтара талқыға түсті.

Шағын, ескі, лас. Жасыратын несі бар, Петропавлдағы қоғамдық көліктің жағдайын осы үш сөзбен сипаттауға болады. Былтыр алынған жаңа 10-шақты “зайчик” те ахуалды аса түзете қойған жоқ. Мәселе келбетте ғана емес, маршрутарда да. Шенеуніктердің сөзінше, қалада бар 22 автобус бағытының шамамен жартысы қайталанады.

Бақыт Ілиясов – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Бірінің артынан бірі бір көшемен жүретін маршруттар өте көп. Салдарынан қаланың барлық аудандары қоғамдық көлікпен тиісті деңгейде қамтылмаған. Түйткілді шешпекке қаңтарда арнайы компанияны жалдап, анализ жүргізіп, бағыттарды оңтайландырмақ болғанбыз. Алайда, карантин бұған кедергі болды.

Мамырдың 25-і әкімдік бағыттарды оңтайландыруды қайта бастамақ ниетте. Кей маршруттар алынып тасталады, кейбірі өзгертіледі-мыс. Алайда, қоғам белсенділері бұған әлі ерте дейді. Өйткені, жолаушылар ағыны қазір азайды, автобустарда тек отырып қана қатынауға болады. Бүгін асығып, ертең опық жеп қалармыз. Коронавирус қоғамдық көлік паркін жаңартуға да кедергі болуы мүмкін. Биыл үлкен, сыйымды, жайлы әрі жаңа автобустар алу жоспарда. Облыс бюджеті 750 млн теңге бөледі. Көлік тасымалдаушыларға 2 пайыздық үстемемен лизингке берілмек. Тек онсыз да 1,5 ай бойы жолға шықпай, шығынға батқан кәсіпкерлер қалтасының мұны көтеруі екіталай.

Александр Казанцев – қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Жолаушы тасымалдаушылар тағы да кредитке кіргілері келмейді, өйткені оны қайтара алмаймыз ба деп қорқады. Коронавирустың екінші толқынының болары-болмайтынын ешкім білмейді. Сондықтан, жағдайдың тұрақталуын күтпесек, ертең компаниялар бірінен соң бірі банкротқа ұшырайтын болады.

Өзекті түйткілдердің бірі – электрондық билеттеу жүйесі. Енгізу баяғыдан бері жоспарда, тек сол жоспар жүзеге аспай келеді. Жолақыны петропавлдықтар әлі де қолма-қол төлейді, ал мобильдік қосымша арқылы есеп айырысу бірен-саран маршрутта ғана бар. Елорда мен Алматыны қойшы, өзге шаһарлардан қалып барамыз.

Бейбіт Мұстафина – қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Көкшетау, Семей сынды шағын қана қалалардағы автобустардың өзінде терминалдар орнатылып жатыр. Ал біз асығар емеспіз. Бұл, ең алдымен, тұрғындардың ыңғайлылығы үшін ғой! Одан қалды, жолақыны жүргізушіге береміз, ал билет алмаймыз. Түсіп жатқан қаражат бақыланбайды. Табыстың біреудің қалтасына кетіп жатпағанына кім кепіл?!

Әкімдік өкілдері электрондық билеттеу жүйесін наурызда пилоттық режимде енгізбек болған. Бірақ, сол пандемия мүмкіндік бермесе керек. Одан қалды, заман игілігіне көшпес бұрын өзге де проблемаларды шешіп алған абзал дейді шенділер. Мәселен, көп маршруттар пайдаға кенелудің орнына шығынға батып жатқан көрінеді. Оларға субсидиямен көмектесу схемасы құрылып жатыр, одан қалды қоғамның әлжуаз топтары үшін жолақыны жеңілдету жайы да қарастырылуда.

 

 

Саят Ермек