Мәдениет

Мәдениет және өнер қызметкерлері марапатталды

Мәдениет және өнер саласының маңдайалды мамандары марапатталды. Төл мерекелеріне орай 7 жерлесімізге – Мәдениет және спорт министрлігінің төсбелгісі, 20-ға жуық өнерлі жанға облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хаты табыс етілді.

Күй-жырымен жүрекке жылу береді, мағыналы да мәнді сөздерімен терең ой салады. Кез келген мереке мәдениет және өнер саласы өкілдерінің қатысуынсыз өтпейді. Сахна саңлақтарынан бөлек, музей, кітапхана, архив қызметкерлерінің де атқарып жүрген жұмыстары аса маңызды. Мамандарды кәсіби мейрамдарымен облыс әкімінің атынан орынбасары Ғани Нығыметов құттықтады.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Ұлттық бірегейлік қасиеттерін жастардың бойына мәдениет арқылы сіңдіруге болады. Сіздердің істеп жатқан жұмыстарыңыздың идеалогиямыз бен ішкі саясатымызға тікелей әсері бар.

Бір сөзбен айтқанда қоғамдық сананың жаңғыруына, адамдардың рухани дамуына үлкен үлес қосып жүр бұл жандар. Бүгін маңдайалды мамандардың еңбегі еленді. Шара барысында 20-ға жуық өнер майталманы облыс әкімінің алғыс хаты және құрмет грамотасына ие болды.

Сый-құрметке бөленген жандардың бірі – облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Жарқын Жұпархан. Оған облыс әкімінің құрмет грамотасы табыс етілді. Өнер иесі Қызылжарда бірқатар республикалық айтыстың ұйымдастырылуына ат салысқан. Сондай-ақ, жергілікті жас ақындарға өлең жазудың қыр-сырын үйретіп жүр.

Жарқын Жұпархан – облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы:

– Еңбегінің жемісін жеп жатқан әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Әр елдің мәдениеті сол елдің айнасы дейді. Сондықтан, Отанымыздың мәдениеті, тілі, діні дами берсін. Өздеріңіз жақсы білесіздер, өңірде айтыс та, ақындық та жақсы дамып келеді.

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері Дәурен Тойбазаровқа Мәдениет және спорт министрлігінің төсбелігісі берілді. Тәжірибелі актер сахна төрінде 17 жылдай өнер көрсетіпті. Осы уақыт аралығынжа бірталай басты рөл сомдаған.

Дәурен Тойбазаров – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– Біз өнер арқылы мәдениетімізді көрсетеміз. 17 жыл бұрын осында жолдамамен келіп едім.

Салтанатты жиын барысында тағы 4 өнер адамына мәдениет және спорт министрлігінің құрмет грамотасы табыс етілді. Шараның соңы концертке ұласты.

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек