Құқық қорғау органдары

Хайп қуған жігіттің тағы бір ерсі қылығы

Хайп қуған жігіттің тағы бір ерсі қылығы. Петропавлда еріккен жігіт жұрттың көзінше көліктің тас-талқанын шығарды. Қоғамдық орында ақылға қонымсыз қадамға барғаны үшін ол жазасыз қалмады.

Шоқпармен шевроленің беткі әйнегін ұрғылап әлек. Жақын маңдағы жұртшылық “не болып жатыр?” деп аң-таң. Бұл – өзіміздің Петропавл. Желідегі видео – қазір хит. Авторы – “Атың шықпаса жер өрте” дегенге жақын 20 жастағы жігіт.

Хайп қуған пранкер дегеніне жетті. Мыңдаған көру, жүздеген лайк – қазір ол тағы да ел аузында. Бұл “интернет кейіпкерін” біз жақсы білеміз. Қаңтарда көлікке үрмелі матрас тіркеп, қала көшелерін кезген де сол еді.
Қыстағы бұл ерсі қылығы үшін ол айыппұл төлеген еді, ал бұл жолы жай ғана штрафпен құтылмады.

Әлібек Ғабдулин, Петропавл қалалық ПБ бастығының бірінші орынбасары:

– Әкімшілік кодекстің 434-ші бабы, яғни “ұсақ бұзақылық” фактісі бойынша пранкер 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Терезесін сындырған көлікті оған досы арнайы берген екен. Бұзақы өзінің кінәсін мойындап, кешірім сұрады, енді мұндай әрекеттерге бармаймын деп сендірді.

Иә, танымал боламын деп, темір тордан бір-ақ шықты. Сабақ алар деген үміт бар. Өйткені, оның инстаграм парақшасына 50 мыңнан астам адам тіркелген. Міне, ол ашық аспан астында, биіктікте шомылып жатыр, міне ойын-сауық орталықтарында айқайлап жүгіріп жүр. Желіге салған әрбір жат әрекетін тіркелгендер көреді, пікір қалдырады. Дені – жасөспірімдер мен жастар. Психолотар айтады: өскелең ұрпақ үшін мұндай жазбалар аса қауіпті.

Әсел Бектасова – психолог:

-Жасөспірімдер импульсивті, ересектерге еліктегіш, қозғыш болып келеді. Мұндай видеоларды балалар көре тұра осы арқылы мен танымал бола алады екенмін ғой, осындай бұрыс әрекеттерді жасау керек екен ғой, сонда менің оқырмандарым мен “подписчиктерім” көбейеді деп ойлайды.

Ойлайды да, қайталайды. Сондықтан, ата-анаға баланың желідегі өмірін бақылауда ұстауға мамандар кеңес береді. Өйткені, қазір танымалдылық инстаграмдағы тіркелушілердің санымен өлшенетін заман боп барады. Ал оған ие болудың оңай жолы – бір нәрсені бүлдіру я жат әрекетке бару деп санайды көбі. Тек көліктің тас-талқанын шығарудың орнына біреуге қол ұшын созып, жақсы, игі амал жасау арқылы да көзге ілінуге болмай ма?!

 

 

 

 

Саят Ермек