Қоғам

Тұрғындарға биыл “Еңбек” бағдарламасы бойынша 520 млн теңге берілген

Биліктің қолдауымен кәсіп ашып жатқан солтүстікқазақстандықтардың қатары көбейіп жатыр. Бұған статистика дәлел. Небәрі 4 айдың ішінде “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры”-ның өңірлік филиалының өкілдері “Еңбек” бағдарламасы бойынша 125 жобаны мақұлдапты. Іскер азаматтарға жалпы құны 520 млн теңгенің несиесі берілген. Бұл ақшаға бірі төрт түлік алса, енді бірі тігін цехін ашқан.

Әуелеген ән мен заманауи тігін машинасының баяу үні. Цехтағы жұмыс күні әдетте осылай басталады. Бастапқыда тігіншілер матаны қиып, оған моншақ жабыстырады. Содан кейін барып негізгі іске кіріседі. Яғни, безендірілген қиындыларды қолмен немесе машинаның көмегімен тігеді. Мұнда 3 тігінші тер төгуде. Әрқайсысына бөлек-бөлек тапсырма жүктелген. Татьяна Субботина егде жастағы жандарға арналған ұлттық көйлек әзірлеу үстінде. Келіншектің бұл салада жинаған біраз жылдық тәжірибесі де бар екен.

Татьяна Субботина – тігінші, Қызылжар ауданы:

 – Колледж бітірген соң бірден осында жұмысқа орналастым. Бастапқыда қолыма, тіпті, ине ұстауды да білмейтінмін. Бірге істейтін жандар маған көп нәрсе үйретті. Аз уақытта киім тігудің қыр-сырын меңгеріп алдым. Биыл мұнда қызмет етіп жүргеніме 14 жыл толады.

Қазақ, орыс, өзбек, түрік, татар және шешен. Мұнда түрлі этнос өкілдерінің ұлттық киімдері тігіледі.

Көрпе-жастық және қалта. Мұнда киімнен өзге, қыздың жасауына қажетті бұйымдар да әзірленетін көрінеді. Сондай-ақ, бойжеткендерге арналып сәукеленің де түр-түрі тігіледі.

Маржан Қасымбек – тілші:

 – Ұзатылып жатқан қыздың көркіне көрік беретін – сәукеле. Бұл бас киімді киюді армандамайтын қазақ қызы жоқ шығар. Киелі сәукелені әзірлеу қиынның-қиыны көрінеді. Өйткені, мұндағы моншақтарды тізіп, тігу ұзақ уақыт пен таудай сабырды талап етеді екен.

Әзірге, тауарлар тек өңірде ғана сатылады. Кәсіп иесі Светлана Шарипова алдағы уақытта өнімдерді басқа қалаларға да жеткізуді жоспарлап отыр. Нәзікжанды жалпы бұл ісін 2006 жылы бастаған екен. Алайда, өзінің нысаны болмағандықтан, үй жалдап келіпті. Ал былтыр қыста «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 6 пайызбен 6 млн теңге рәсімдеп, цех сатып алған. Берешегін 5 жылда қайтарады.

Светлана Шарипова – «Шарипова» ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

 – Талай жыл өтсе де тігу цехын сатып алуға мүмкіндігім болмады. Ауыл тұрғындарының үйін жалдайтынбыз. Келісім шарттың уақыты аяқталғанда басқа орын табуға тура келетін. Өткен жылы “Еңбек” бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатқанын естідім. Өз жобамды таныстырып, өтініш беріп едім бірден мақұлданды.

Өңірде Светлана Шарипова сынды өз кәсібін ашқысы келетін жандар көп. Тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысқысы келеді екен.

Данияр Кәлімов – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚОФ несие менеджері:

 – Жыл басынан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 193 жоба қабылданып, 160-ы мақұлданды. 125 жоба иесіне 520 млн теңге берілді. Алдағы уақытта қалған өтінім берген азаматтарға да тиісті қаражат үлестірілмек.

Биыл “Еңбек” бағдарламасын жүзеге асыруға өңірге 1,8 млрд теңге бағытталған.

 

 

 

Маржан Касымбек