МТРА жаңалықтары

Құрылыс жұмыстары қадағаланады

Бюджет қаржысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі тиіс. Өңірде құрылыс жұмыстарына мониторинг жүргізетін 6 топ құрылды. Мамандар шаруаны сапасыз жүргізген мердігерлерді анықтап, ескертуге құлақ аспағандарды жауапқа тартамыз дейді. Мониторингілік топта депутаттар, БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері мен блогерлер де бар.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 377 әлеуметтік маңызы бар нысан жөнделеді. Бұл бағытта бюджеттен қыруар қаржы бөлінген. Қазынадағы қаражат дұрыс жұмсалып, құрылысшылар жұмысты сапалы атқарулары үшін «Нұр Отан» партиясы 6 мониторингілік топ құрды. Олардың әрбіреуінде 11 адамнан бар. Мамандар өңірдегі әр мердігердің жұмысын жіті тексермек.

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

 – Кейде кейбір мәселелерді халықтан естіп, біліп жатамыз. Мұндай жайттардың алдын алу үшін біз шапшаң әрекет етуіміз қажет. Құрылыс және жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысандарды аптасына 1 рет тексереміз деп жоспарлап отырмыз. Бір нысанға шамамен 5 адамнан бару қажет. Өйткені, бұл – өте жауапты шаруа.

Мониторингілік топқа қосылғандардың қатарында депутаттар, БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері мен блогерлер бар. Жақында олар өз міндеттерін атқаруға кіріседі. Мамандар денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт, тұрғын үй, автожолдар, су және жылумен қамту желілері сияқты басқа да құрылыс нысандарында жасалып жатқан істі тексеретін болады. Бұдан кейін мердігердер міндеттерін барынша сапалы атқаруға тырысатын болады деп сеніп отыр партия өкілдері.

 Юрий Белоног – денсаулық сақтау нысандарын салу және жөндеу бойынша мониторингілік топтың жетекшісі:

 – Тексеріс барысында кемшін тұстар байқалса, жөндеу жұмысы жүріп жатқан нысанды ерекше бақылауға алатын боламыз. Олқылық ескерту айтылғаннан кейін түзелмесе ол турасында жауапты органдарды құлағдар етеміз. Тіпті болмаса, мердігерді де ауыстыру мәселесі қарастырылуы мүмкін.

Мамандар автожолдар да ерекше назарға алынатын болады дейді. Өйткені, оларды жөндеуге бюджеттен қыруар қаржы бөлінуде. Биылдың өзінде аталған бағытқа 39 млрд теңге жұмсалмақшы екен.

 

 

 

Бердимурат Баймухан