Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мониторингілік топтар тексерістерді бастап кетті

Мониторинг жүргізетін топтар жұмысын бастап кетті. Қоғам белсенділері, халық қалаулылары мен ата-аналардан құрылған делегациялардың бірі бүгін Әбу Досмұхамбетов атындағы мамандандырылған гимназия-интернатында болды. Оқу ошағын күрделі жөндеу үшін шамамен 130 млн теңге бюджет қаржысы бөлінген.

Әбу Досмұхамбетов атындағы гимназия-интернат сонау 80-ші жылы бой көтерген. Күрделі жөндеуді соңғы рет осыдан шамамен 30 жыл бұрын көрсе керек. Талай дарынды түлеткен білім ұясы биыл әйтеуір қалыпқа келтіріліп жатыр. Ұжым да, оқушылар мен ата-ана қауымы да мұны ұзақ күтті. Шатыры толығымен ауыстырылады, интернаттың іш-сырты жөнделеді. Мамырдың бел ортасында басталған шаруаның бүгінде 30 пайызы тәмам. Қарқын мықты, ал сапаның жайы қалай? Мұны тексермекке мектепке нұротандықтар бас сұқты. Партия жанынан құрылған арнайы мониторингтік топ тарапынан ескертулер аз болмады.

Ғафура Бөстекова, «Nur Otan» партиясы СҚОФ жанындағы мониторингілік тобының жетекшісі:

 – Нұротандықтардың тарапынан жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан қос компания өкілдеріне интернаттың төбесін сапалы әрі тегіс сылау туралы айтылды. Сондай-ақ, жылу жүйесін қалыпқа келтіру қажеттігі ескертілді.

Тиісті талаптар қойылды, ал нәтижесін көру үшін нұротандықтар тура бір аптадан соң қайта оралмақ. Депутаттар, қоғам мен партия белсенділері және ата-аналар – мониторингтік топ 11 адамнан тұрады.

Қайырбек Даиров, «Nur Otan» партиясы СҚОФ жанындағы мониторингілік тобының мүшесі:

 – Менің ұлым гимназияның 6-шы сыныбында оқиды. Сол себепті, жөндеудің қалай өтіп жатқанын қадағалағым келді. Біз балаларымызға барлық жағдайдың жасалғанын қалаймыз. Мектеп жарық әрі жылы болуы керек.

Гимназия-интернаттың күрделі жөндеуіне шамамаен 130 млн теңге бөлінген. Бүгінде бұл нысанда 2 компания жұмыс істеп жатыр.

Ержанат Бәкіров, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының директоры:

 – Шатырды ауыстыру «Лира » ЖШС-ға жүктеліп отыр. Оған 65 млн теңге бөлінген. Ал интернаттың жөндеу жұмыстарына 64 млн теңге құйылған. Оны “САНТЕХЦЕНТР” компаниясы жасап жатыр.

Жылдар бойы жөндеу көрмеген мұндай 100 оқу орны биыл қалыпқа келтіріледі. Өңір қазынасынан бұл үшін бақандай 5 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы әкімдік отырыстарында да, БАҚ-та да талай айтылуда. Бүгінгі күні шаруа 44 мекемеде жүріп жатыр. Ал қалған нысандарда жөндеу маусым айында бастау алмақ.

 

 

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы