Денсаулық сақтау

Кене бас көтерді

Көктем келгелі 142 жерлесіміз кене шақты деп дәрігерлерге жүгінген. Абырой болғанда, бірде-біреуі энцефалит дертін жұқтырып алмаған. Санитарлар саябақтарды белсенді өңдеп жатса да қансорғыштар қазір аса қауіпті.

Көктем келді, күн жылынды, ағаштар жапырақ жайды. Бір сөзбен айтсақ, табиғат оянды, онымен қоса түрлі жәндіктер де. Кішкентай ғана, жиіркенішті кене – сан түрлі жын-жыбырдың арасындағы ең қауіптісі.

Дана Сәлімқызы – тілші:

 – Кене көктемнің алғашқы сәулесімен тіріліп, белсенділігін арттыра бастайды. Олар сәуір мен қыркүйек айларының аралығында аса қауіпті. Қаносорғыштар көбіне қалың ағаштарда, шөп жамылғысы бар аралас ормандарда тіршілік етеді.

Көктем келгелі кене шақты деген шағыммен дәрігерлерге 142 жерлесіміз жүгінген. 50-і – бала. Көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 7 пайызға төмен, дегенмен қансорғыштың қауіптілігін бұл кемітпейді. Абырой болғанда, зиянкестен зардап шеккендердің арасында энцефалит жұқтырғандар болмай шықты. Сондықтан, саябақ-саяжайларда немесе табиғат аясында серуендеп, тыныққан жанға аса абай болған абзал. Кене деген бәлекет денеге қонып, қан сормаққа оңтайлы жер іздейді екен. Тапқан соң, жабысып алады. Көбіне жәндік шаштың арасында, құлақтың маңайында және қолтық тұсында кездеседі. Оны уақытылы байқамасаң, терінің астына кіріп те кетеді, ал мұның арты қайғылы аяқталуы мүмкін.

Меруерт Атамбаева – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:

 – Кез келген адам денесінде кененің жабысып тұрғаннын байқаған кезде оны тезірек алып тастау қажет. Бірақ, өздігінен алмауға тырысу керек. Себебі, зиянкесті теріден алып тастаудың өзіндік схемасы бар. Сондықтан, дәрігерлерге жүгінген жөн.

Жәндіктер арасындағы жыртқыш – кенені қысқа ғана осылай сипаттауға болады. Негізгі қорегі – қан. Сондықтан, зиянкес адамға да, жануарға да бірдей қауіпті яки ит-мысығын орман не саябақта серуендетуге құмарлар оларға да жақпамай мен спрейлерді жағуы шарт. Төрт аяқты досыңыздың денесін әрбір 2 сағат сайын тексеруді де ұмытпаңыз. Ал үй жануарын кенеден қорғай алмаған болсаңыз, теріге енген зиянкесті бірден алып тастау қажет дейді ветеринар мамандар. Соңғы аптада мал дәрігері қызметіне деген сұраныс күрт артқан. Себеп бір – кене.

 Ольга Семенова – ветеринар-дәрігер:

 – Егер де төрт аяқты досыңызды зиянкес шақса, ол өзін әлсіз сезініп, дене қызуы көтеріліп, тәбеті болмайды. Мұндай жағдайда міндетті түрде мал дәрігеріне жүгінген жөн.

Қансорғыштың зияны белгілі, ал онымен күрестің жайы қалай? Санитарлар көктем төбе көрсете бастағалы шаһардың жасыл желегі мол аумақтарын өңдеп жатыр. Бүгінге дейін мамандар 200 гектарға жуық жерді дәрілеп үлгерген. Бұл үшін жыл сайын Петропавл қазынасынан 5 млн теңгедей бөлінеді.

 

 

 

 

Ешкенова Дана