Балалар

Үйірмелер ашық

Әнді үйде айтып, биді үйде билеп, педагогқа видео түсіріп жіберудің енді қажеті жоқ. Дүйсенбіден бері үйрімелер мен қосымша білім беру орталықтары қайта ашылды. Бір ғана облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында 50-ден астам секция жұмысын жандандырған. Қазір мекеме талантты жеткіншектерге толы, ал санитарлық талаптар күшейтілген.

Анель Әбіш – “Дружные ребята” би ансамблінің қатысушысы:

 – Танцевать дома было неудобно, потому что мало места.

Әрі жалғыз іш пысады, достар, педагогтың қатты дауысы мен тәртіп жетіспейді. Үйдегі 2 айлық дайындық туралы Анель Әбіш осылай дейді. Ол билейтін “Дружные ребята” ансамблі дүйсенбіден бастап репитицияларын қайта бастады. Қалыпты режимде. Қазір жаңа би үйреніп жатыр, ал ұзақ уақыт бос тұрған паркет дірілдеп сала берді.

Әдемі дауысты бұл балақайлар да вокал сыныбын сағынғандарын жасырмайды. “Айналайын” ансамбліндегі әншілердің өздерінен бөлек көршілері де қуанышты шығар. Карантин кезінде үйірме уақытша жабылды, бірақ репитициялар тоқтаған жоқ.

Аяулым Құбаш – “Айналайын” қазақ эстрадалық әндер ансамблінің мүшесі:

 – Мен үйде өзімді блогер сезіндім. Педагог бізге видео жіберіп отырды, ал біз оны қайталап, бейне жазып, жіберіп отырдық.

Тек айырмашылық жер мен көктей дейді Аяулым. Үйдің аты үй, ал үйірменің аты үйірме.

 Аяулым Құбаш – “Айналайын” қазақ эстрадалық әндер ансамблінің мүшесі:

 – Мұнда басқаша, өйткені, ұстаз саған қателіктеріңді айтып түзеп отырады, ал үйде қалағаныңша шырқайсың.

Елді жайлаған індет, соңынан төтенше жағдай режимі. Талантты балалар шоғырланатын облыстық шығармашылық орталыққа да жұмысын тоқтатуға тура келді. Наурыздың 23-інен бері хореографтар, педагогтар мен жаттықтырушылар жеткіншектермен қашықтықтан жұмыс істеді. Тапсырмалар ватсап арқылы, ал дайындық тікелей байланыс бойынша. Енді мұның бәрі артта, 55 үйірменің жұмысы қайта жанданды.

Владимир Новик – облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының директоры:

 – Кесте сәл өзгерді. Түске дейін балалардың көбі сабақ оқиды, ал күндізгі 3-тен кешкі 9-ға дейін үйірмелер ашық. Залдар мен сыныптарда бір уақытта 15 жеткіншектен артық болмауы тиіс.

Вирустың әлі де қауіп төндіріп тұрғанын орталық бойынша ілінген мындай жазбалар еске салады. Ғимаратқа маскасыз ешкім кірмейді, бұрыш-бұрышта – антисептикке толы санитайзерлер. Әр екі сағат сайын – жуып-жинау мен желдету.

Сәуле Базарбаева – ата-ана:

 – Үйірмені қатты сағынды, өйткені бала 2 ай бойы үйде отырды, ешқайда шыққан жоқ. Достарын, мұғалімін сағынды.

Сәуле Базарбаеваның жар дегенде жалғыз қызы бейнелеу өнеріне машықтанып жүр. Сөзінше, қылқаламмен үйде жұмыс жасау оңай болмады. Өйткені, ата-ана көп нәрсені білмейді, әке-шешенің бәрі бірдей шебер де, мұғалім де емес.

Сәуле Базарбаева – ата-ана:

 – Педагогпен жұмыс жасағанда балаға өте жеңіл әрі қызықтырақ болады. Ата-анаға қарағанда, мұғалім қателігін түсіндіріп, түзеп отырады.

“Қуанамын” би студиясының жетекшісі Алина Ушакова оқшаудағы екі ай үйрету жөнінен босқа кеткен уақыт дейді. Экран арқылы өткізілген дайындықтың сапасын залдағымен салыстыруға тіпті келмейді. Ересектеу биші қыздар тапсырмаларды үйде бұлжытпай орындаған болса, кішкентайлар тәртіп жағын жұмсартып алған.

Алина Ушакова – “Қуанамын” халықтық би студиясының көркемдік жетекшісі:

 – Балалар жайбарақат, жинақылық жоқ. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, зейіндері басқа нәрсеге ауып кете береді. Кейде менің айтқанымды тыңдамайды, тапсырманы орындамайды.

Енді бұның орнын толтырарлық мүмкіндік бар. Мамырдың 18-інен бастап облыстағы барлық үйірме-секциялар, қосымша білім беру орталықтары есіктерін айқара ашты. Алайда, санитарлық талаптардың мейлінше сақталуын билік жіті қадағалайтын боламыз дейді.

 

 

 

 

Саят Ермек