Көлік және жолдар

Атышулы 6 км жолдан алынған сынаманың нәтижесі

Биыл Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының жұмысына бюджеттен 60 млн теңге бөлінген. Қазір мамандар облыс көлемінде салынып жатқан трассаларға шығып, жолдың сапасын тексеруде. Жақында олар Заградовка ауылына кіреберістегі атышулы 6 шақырым жолдың қыртысынан сынама алған болатын.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

 – Халықтың өтініштері мен шағымдары бойынша жұмыс істеуі үшін зертханаға биыл 60 млн теңге бөлу қарастырылып отыр. Жөнделіп жатқан әр жол учаскесіне мамандар бірнеше рет шығулары тиіс. Егер бұл қаржыландыру жеткіліксіз болса, біз тағы да беруге дайынбыз. Өйткені, ең бастысы – жұмыстың сапасы.

Иә, зертханалық сараптама ауадай қажет. Салынатын жол ұзақ қызмет етсін десек, жабындының сапасын тексеріп алған жөн. Неге? Өйткені, істі қалай болсын солай атқаратын мердігерлер жоқ емес, бар. Асфальт дұрыс төселді ме, технология сақталған ба – мұның бәрі енді қатаң бақылауда. Ал бақылайтын – «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы»-ның облыстық филиалы.

Данияр Баймолда – «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» СҚО филиалының зертханашысы:

 – Біз қазір асфальтбетон қоспасын сынамадан өткізуге дайындап жатырмыз. Материалды арнайы қалыпқа салып, оны қыздырып, тығыздаймыз. Кейін, одан асфальт жабындысының үлгісін жасап шығарамыз.

Бұл бір-екі сағаттық емес, ұзақ процесс. Жабынды үлгісін істеу шамамен 2 күнді қажет етеді. Дайын сынама тексеріледі. Асфальт одан сүрінбей өтсе, оны жол құрылысына пайдалануға болады деген сөз.

Галина Журавлёва, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» СҚО филиалының зертханашысы:

 – Асфальтбетон, битум, бетон текшелері – жол құрылыс материалдарының барлық түрін зерттейміз. Мәселен, асфальт сапасының ең басты көрсеткіші – оның тығыздығы мен суға қанығу коэффиценті. Яғни, егер ол ылғалды тез сіңіріп алатын болса, жолдың қыртысы тез бұзыла бастайды.

Қазір бұл орталықта шаруа қызып тұр, өйткені өңірде жол жөндеу жұмыстары басталды. Естеріңізде болса, жақында Заградовка ауылына кіреберістегі 6 шақырым туралы бейнематериал түсірген едік. Бұл трасса былтыр пайдалануға берілуі тиіс еді, бірақ берілмеді. Ал жолдың беті қазірдің өзінде тесіліп, жарылып жатыр. Сапасыз жөнделгені құралсыз-ақ көзге ұрады. Алайда, зертхана өткен аптада учаскеге барып, сынама алып, алдын ала экспертиза жүргізген еді. Бүгін оның нәтижесі белгілі болды. Бар гәп – сапасыз жабындыда.

 Еркен Әбілмәжінов, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» СҚО филиалының инженері:

 – Сараптама нәтижесі жол құрылысына пайдаланған асфальтбетон қоспасы сапасының нашар болғанын көрсетті. Құрылысшылар оны төсеген кезде де немқұрайлық танытып, дұрыс тығыздамаған көрінеді. Одан қалды, істің жартысы күздің қара суғында атқарылған. Бұл да жабындының мерзімінен бұзылуына әкеп соқтырды.

Жіберілген олқылықтар мұнымен бітпеді. Жолдың ені 7 метр болуы тиіс еді, бірақ өлшеген кезде сызғыш 6,5-ды көрсеткен. Қысқасы, мердігер “тисе терекке, тимесе бұтаққа” деп жұмысты үстіртін жүргізе салған не құрылыс технологиясынан хабарсыз. Мұны енді құзырлы органдар анықтайды, ал әзіргі басты сұрақ – Заградовкаға апарар жолдың ендігі тағдыры не болмақ? Іске жауапты «Каз Фортис» компаниясы оны мамырдың 31-іне дейін қалыпқа келтіреміз деп сендіріп отыр. Кейін жылжымалы зертхана мұнда тағы бір келіп, тағы бір тексереді.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан