Мәдениет

21-ші мамар – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні

Әртіс, шебер, суретші мен жарықты қосып-сөндіруші. Облыстық қуыршақ театрында 40-қа жуық шығармашыл жан жұмыс істейді. Бірі – сахнаның төрінде, ал екіншілері оның арғы жағында еңбектенеді. Қанша дегенмен, олардың бәрі бүгін кәсіби мерекелерін атап өтуде.

Әуелетіп ән айтады, мың бұралып би билейді. Облыстық қуыршақ театрына барып, ертегі әлеміне саяхат жасамаған балғын аз шығар. Ондағы спектакльдерді тамашалай отырып, мүлде бөлек әлемде жүргендей сезімде боласың. Қуыршақтың түр-түріне әртістер жан бітірсе, сахнаның арғы жағында оларды жасайтын адамдар бар. Бірі – Василий Каргаполов. Ол шығармалардың бас кейіпкерлерін әзірлейді. Он саусағынан бал тамған маман қазір қарапайым қайың мен былғарыдан «Түймеқыз»-дың бейнесін дайындап жатыр.

Істің негізгі бөлігі дайын. Енді ағаштың бетін тегістеу ғана қалды. Мұндай қуыршақтардың екі түрі болады. Алғашқысы – жіппен қозғалатын марионетка, ал кейінгісі темір бекітілген планшет. Туындының әрқайсысын жасау – жай ғана технология емес, нағыз творчестволық үрдіс. Материалға пішін бере салу жеткіліксіз, ұстаға бар жан-тәнін салу керек.

 Василий Каргаполов – облыстық қуыршақ театрының суретші-сәндеушісі:

 – Менің жұмысым – ағашты ойып қуыршақ жасау ғана емес, оған жан бітіру. Балалар мен ата-аналар спектакльді тамашалаған кезде ерекше әсер алғанын қалаймын. Сондықтан, барымды салып ойыншықтың әр бөлшегін қатесіз істеуге тырысамын.

Қуыршақтың денесін Василий Каргаполов жасаса, қалған бөлігін нәзікжандылар әзірлейді. Кәмшат Балгыбаева қағаздың көмегімен жаңағы ойыншықтың басын дайындап жатыр. Ол үшін қиылған газет бөліктерін желімнің көмегімен бір-бірінің үстіне жабыстыруда.

Кәмшат Балгыбаева – облыстық қуыршақ театрының суретші-бутафоршысы:

– Мұнда қуыршақтардың бет-әлпеттері жасалады. Оларға қас пен көз саламыз, ернін бояп, шашын дайындаймыз. Ойыншыққа кигізілетін киімі де осында тігіледі. Сахнаны сәндеуге арналған заттарды да біз әзірлейміз.

Мәдениет саласы мамандарының күні – сахнада жүретін әртістердің ғана кәсіби мерекесі емес. Кез келген спектакльдің артында ондаған адамның еңбегі жатыр. Көрермен көзіне олар көрінбейді, бірақ атқарып жатқан жұмыстары аса маңызды. Облыстық қуыршақ театрының мамандары бүгін құттықтаулар қабылдауда, ал санаулы күндерден соң өнер ұжымы ұл-қыздарды жаңа қойылыммен қуантпақ.

 

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек