Балалар

Жазғы сауықтыру лагерьлеріндегі әзірлік қамы

Облыс аумағында 13 сауықтыру лагері бар. Оның 5-уі – сенімді басқаруда. Бүгінде бұл демалыс орындарында кезекті маусымға дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Бұл – “Достық” лагері. Бүгінде мұнда жұмыс қызу. Шаруа өткен аптада басталған екен. Сол уақыттан бері мұнда еріктілер мен тәрбиешілер келіп, жөндеу жұмыстарына ат салысып жатыр. Мына тұста тәлімгерлер балалар алаңқайларын бояп, ерекше сән беруде. Карина Есеналина жергілікті университетте оқиды. Болашақ педагог лагерьде жазда жұмыс істеуге алғаш рет бел байлап отырмын дейді.

Карина Есеналина – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

–  Болашақ мұғалім болғандықтан, жаздық лагерьде еңбек етіп, тәжірибе жинағым келді. Өзім балажан адамын. Сол себепті, бұл демалыс қызықты әрі ерекше өтеді деген ойдамын.

Жалпы, мұнда 9 корпус бар екен. Лагерьдің жабдықталуы санитарлық талаптарға сай жүргізіліп жатыр. Мәселен, төсектердің арасы – жарты метрден.
Сондай-ақ, асханада да күрделі жөндеу жасалуда.

Роза Карасёва – “Достық” сауықтыру лагерінің шарушылық жөнінен меңгерушісі:

– Асханада ыстық су жүретін құбырларды алмастырып жатырмыз. Жуырда терезелер де жөндеу көрмек. Жалпы, әр корпусқа 20 баладан жайғасады. Бұл жұмыстар шамамен мамырдың 28-і не дейін жүргізілмек.

“Достық” лагері есігін маусымның 17-сі күні айқара ашпақ. Жалпы, облыс аумағында 1-ші және 9-шы сынып оқушылары үшін 13 сауықтыру лагері жұмыс істейді. Онымен қоса, бастауыш сынып балаларына арналып мектеп жанынан сауықтыру алаңдары құрылмақ.

Мафруза Науанова – СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– Өткен жылы сауықтыру лагеріне жолдаманың құны 15 мың мен 30 мың теңге аралығында болатын. Биыл аса өзгере қоймайды. Ал ата-ана қамқорлығынан айырылған және жетім 194 ұл-қыз сауықтыру лагерьлерінде тегін демалмақ. Сондай-ақ, 59 бала “Бурабай” республикалық оңалту орталығында тынығады.

Сонымен қатар, биыл өңірде алғаш рет дарынды балаларға арналған лагерь жұмысын бастайды. Мұнда “Мың бала” республикалық конкурсының жеңімпаздары мен түрлі олимпиадалардың жүлдегерлері демалмақ.

Ақтолқын Солтанханқызы