Петропавлда биыл 280 ескі жер үй сүріледі

Құрылыс

0:19 20 Мамыр 2020

Петропавл ескі-құсқы жер үйлерден арылып жатыр. Биылдың өзінде 280 баспана сүрілмек. Басым бөлігі – Жас Өркендегі Горький мен Парк көшелерінде. Олардың иелеріне қаражат немесе қайталама нарықтан пәтерлер беріледі, босаған аумаққа көпқабатты үйлер салынады. Ал келесі жылдың соңында қараусыз қалған Калинин атындағы зауыт – дата-центрге, яғни онлайн ақпараттың алып қоймасына айналмақ. Тың жобалардың жүзеге асу барысымен аймақ басшысы танысты.

Галина Уткина – қала тұрғыны:

– Вода на улице, туалет тоже, уголь и дрова надо привозить.

Коммуникация атымен жоқ, жартылай жерге кірген, ал шатыр қисайған. Теннис кортының артындағы бұл ескі үйде Галина Уткина тұрады. 51-ші жылғы баспананы уақыт аямаған, сатуға да келмейді. Сондықтан болар, оның сүрілетінін естігенде зейнеткер қуандым дейді.

Галина Уткина – қала тұрғыны:

– Әкімдік үйдің орнына 3 бөлмелі пәтер тауып берді. Алдағы бірер күнде хабарласып, қашан көшуге болатынын айтулары тиіс. Жасым 70-ке таяды. Суды сырттан тасу қиын. Жайлы баспанада тұрғым келеді.

“Жас Өркен”-нің келбетін қашырып тұрған мұндай үйлер Горький көшесінің бойында әлі жететін. Иелердің бірі көне қонысынан құтылар күнді асыға күтіп жүрсе, бірі меншігін жаңа пәтерге алмастырып үлгерген. Сүру жұмыстары басталып кетті, көп дегенде жыл соңына дейін аяқталады, ал босаған учаскеде зәулім үйлер бой көтереді.

Серік Сабралин – Петропавл қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– 4 квартал сүріледі. Алғашқы екеуінде 72 пәтерлік 2 үй болады, оны әкімдік салады, ал тағы 2 үйді “Альфа-Север” өз қаражатына салады. Барлығы 4 баспана болады.

Ал көрші квартАлда 17 қабатты екі үй тұрғызылады. Неге сонша биік? Шаһардың еңсесі түзеліп, ажары ашылады, жер үнемделеді – дәлел жететін. Одан қалды, жеке сектор – Петропавлдағы басты мәселелердің бірі. Бейберекет орналасқан жер үйлер санай келгенде қала аумағының тең жартысын алады екен, ал оларда тұратын халықтың үлесі 20 пайызға да жетпейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 1200-дей көпқабатты үй бар. Оларда қала халқының 80 проценті тұрады, қалғаны жеке үйлерде, ал оның алып жатқан территориясы өте көп. 60-70 жыл бұрын салынған ескі үйлер бар. Соларды сыпырып тастап, коммуникация тартып, үлкен үйлер салу тиімді әрі қолайлы.

280 ескі баспана биыл бұзылады. Ал жаңадан салынған көпқабаттылары жұртшылық үшін ыңғайлы болады деп облыс әкімі сендірді. Маңызды мәселе – көлік тұрағының жайы. Олар аулада емес, сыртта орналасатын болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Үйдің алдында, тіпті, подъездге кіре берісте көліктер тұрады. Кішкентай балаларды қалай шығарасың?! Сондықтан, қала бойынша көп көлікке арналған автотұрақтарды құруымыз керек.

40-шы жылдардан қалған көненің көзі – мына ғимарат та сүріліп жатыр. Тек орнына үй емес, Киров атындағы зауыттың жаңа корпусы салынады. Кәсіпорын бөлек цехта компьютерлерін жинамақшы. Нысанның құны – қондырғыларды қосқанда, жарты миллиард теңгеге.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Инвестицияны қытайлық компания және де өзіміздің “Kazakhstan Engineering” ұлтық компаниясы құятын болады.

“Киров” дамып жатыр, ал бұрынғы Калинин атындағы зауыттың қазіргі сиқы мынадай. Кезінде дүркіреп тұрған кәсіпорыннан қалғаны – құлайын деп тұрған 26 ғимарат, тонна-тонна қалдықтар мен мыңдаған шаршы метр бос жер. Мұның бәрін отандық “PP Solutions” компаниясы былтыр сатып алды. Ал 21-ші жылдың соңында елдегі ең ірі дата-центрді іске қосады.

Болатбек Юсупов – “PP Solutions” ЖШС филиалының директоры:

– Бұл дегеніміз – үлкен жады. Ол түрлі ақпаратты сақтау және өңдеуге арналған.Мысалы, “YouTube”, “Google”, “Facebook” сияқты ірі компаниялардың бәрінде өздерінің осындай дата-центрлері бар.

Қарапайым тілмен айтқанда, түрлі кәсіпорындардың, мекемелердің, қарапайым азаматтардың жеке деректері, көлемі мыңдаған терабайтты құрайтын ақпарат, цифрлық форматта осындай жәшіктерде сақталып, өңделетін болады. Тың жобаға құйылатын инвестиция көлемі рекордтық.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 4 жобаның бәрін қоса алғанда 18 млрд теңге көлемінде қаржы құйылады. Бұл өте қымбат жоба, сондықтан мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылым тарту жағынан көмек көрсетеді. Бірақ, олар әлі құжаттамасын дайындаған жоқ.

Әзірлегеннен кейін жолын салып береді, су құбырлары мен кәріздік жүйесін тартып береді билік. Өйткені, мұндай жобалар қажет. Пандемия онлайн сервистерге көшу үрдісін біршама тездетті. Дата-центрлерге деген сұраныс артып жатыр, ал ұсыныс жоқтың қасы.

Саят Ермек

 

 

 

 

Бұдан әрі оқыңыз

Архангельское орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде
Көне ғимарат қалыпқа келтірілуде
Өңірде спорт нысандары жөнделуде
“5-10-20” жобасы аясындағы жұмыстар
Биыл Петропавлда 9 көпқабатты үйдің құрылысы басталады
Шаһар қалай өзгереді?
Бескөлдіктер асыға күткен мектеп салынып жатыр