Балалар

Педагогтар ұл-қыздарын балабақшаға кезектен тыс бере алады

Ұстаздар енді ұл-қыздарын балабақшаға кезектен тыс бере алады. Аталған жеңілдік Педагог мәртебесі туралы заңға сәйкес жасалып отыр. Өтініш берместен бұрын мұғалімдер “indigo24.kz” сайтына кіріп өздерінің статусын растаулары тиіс.

Бәріміз де кезінде мұғалімнің тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан, болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы тамыз конференциясында Үкіметке педагог мәртебесін көтеру туралы тапсырма жүктеген болатын. Жыл соңына қарай бұл туралы заң өз күшіне енді. Заңға сай ұзтаздарға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

Сайран Испандьярова – қалалық білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Енді, педагогтар балаларын кезектен тыс балабақшаға бере алады. Ол үшін ұзтаздар «indigo24.kz» сайтына кіріп жеке кабинет арқылы өздерінің жеңілдік санатына жататындығын растаулары тиіс. Тіркелу оңай. Өзімен бірге жұмыс орнынан берілген анықтама болса жеткілікті.

Виктория Шмидт қаладағы «Арай» сәбилер балабақшасында 5 жылдан бері тәрбиеші болып еңбек етіп келеді. Өзінің де 2 жастағы кішкентай қызы бар. Жақында ол 3 жасқа толады екен. Балабақшаға беретін уақыт та жақындап қалды дейді. Айтуынша балабақшаға кезекті біраз күтуге тура келеді. Осы орайда падагогтарға жасалып отырған жеңілдікке ризашылығын білдірді.

Виктория Шмидт – тәрбиеші:

– Қызымды өзім қызмет ететін балабақшаға беруді жөн санадым. Педагог мәртебесі туралы заңның қабылдануы біз үшін жақсы болды. Өтінішті сайт арқылы жібердім. Ешқандай қиындық болмады. Жұмыс орнымнан алған анықтаманы ғана тіркедім.

Жалпы, қала бойынша қазір 1200-ге жуық тәрбиеші мен 2 мыңнан астам ұстаз бар.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан