Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімдігінің кезекті отырысы өтті

Сүт бар, бірақ сүзбе мен ірімшік жоқ, ет бар, алайда шұжықты Ресейден аламыз. Проблема құрылыс саласында да жоқ емес. Баспаналар мен нысандарды тұрғызуға, жол салуға қажетті негізгі дүниелерді өзге өңірлерден тасуға мәжбүрміз.

Бір жылдық нәтижелі жұмыс. Руслан Әлішев облыс әкімі орынбасары қызметіне былтыр сәуір айында келген болатын. Енді азамат жинақтаған тәжірибесі мен білімін Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры ретінде көрсететін болады. Мемлекет басшысының үкімімен Руслан Әлішев дәл осы лауазымға тағайындалды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Барлық әріптестердің атынан бірге істеген жұмысымыз үшін алғыс айтамын. Енді сіздің алдыңызда Үкіметтің тапсырмаларын халыққа жеткізу міндеті тұр. Сәттілік тілейміз.

Руслан Әлішев – ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ директоры:

– Бір жылдың ішінде мол өмірлік және кәсіби тәжірибе жинақтадым. Маған сенім артқаныңыз үшін рахмет. Өңір үшін маңызды оқиғаларға қатысып, аймақтың дамуына үлес қосқанымды мақтан етемін.

Бір жыл ішінде біраз жұмыстың басы қайырылды. Бұл шаруаны енді Ғани Нығыметов жалғастыратын болады. «Болашақ» стипендиаты еліміздің және шетелдің алдыңғы қатарлы университеттерінде білім алған. Еңбек жолын Нью-Йорк қаласында бастап, Отанында жалғастырды. СҚО әкімінің орынбасары лауазымына дейін Президент әкімшілігінде қызмет етіпті. Ғани Сақтағанұлына жүктелген міндет салмақты. Енді ол өңірдің әлеуметтік мәселелеріне жауапты.
Биыл білім, медицина мен мәдениет салаларында атқарылатын шаруа ауқымды. Ауқымды жоспар ауыл шаруашылығы мен өндірісті де күтіп тұр. Пандемияның салдарымен бірге пайдасы да тиді. Карантин деп жүргенде кенжелеп қалған салаларды көрдік. Қатемен жұмыс жасайтын кез келді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мақсат – тұрғындарды жергілікті жерде дайындалған сапасы жоғары, бағасы қалта қақпайтын өнімдермен қамтамасыз ету. Ең қажет деген азық-түліктерді шығару үшін өңірде барлық жағдай бар. Географиялық орналасуы да, табиғаты да қолайлы. Бірақ, соны пайдаланып жобаларды жүзеге асырып жатқандар бірен-саран.

Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындар тұтынатын көлемнен:
ұн – 59 есеге,
сүт – 22 есеге,
макарон өнімдері – 20 есеге,
картоп – 9 есеге
май 6 есеге көп өндіріледі.

Өткен 4 айдың ішінде өңірдегі фермалар 123 мың тоннадай сүт өндіріпті. Солтүстікқазақстандықтардың жылдық сұранысы бір аптаның ішінде ғана толығымен қанағаттандырылған. Сонда ақтың қалғаны қайда кетіп жатыр?

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2017 жылы өңірде 546 мың тонна сүт өндірілді. Былтыр көрсеткіш 22 мың тоннаға артты. Бірақ, аталым ауқымының кеңеюінде керемет өзгеріс байқалмайды. Бұрын 100 өнім шығарсақ, қазір – 150. Бұл аз. Тұрғындарды ірімшікпен бар болғаны 10 пайызға ғана қамтимыз.

Мәселенің түп-тамыры неде? Неліктен сүзбенің 90 пайызын экспорттамаймыз? Неге өңірде ірімшік шығарылмайды? Шикізат жоқ десе түсінікті, бірақ сүт деген көл-көсір.

Ерболат Бекшенов – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Сүт өңдейтін зауыттардың айтуынша, ірімшікті жасау барысы өте ұзақ. Қатты түрлерін әзірлеу үшін 6 айдан 1 жылға дейін күту керек. Кейбіреулері өзге өнімдермен қосып дайындап жатыр. Бірақ, барлық өндірісті ірімшікке қаратып қойғылары келмейді. Ол үшін қыруар қаражат қажет. Ал сүзбе мәселесіне келер болсақ, қазір «Молпродукт» серіктестігімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Кәсіпорын қаржы жағымен көмектесер болсақ, қондырғыларды алып, іске кірісуге даяр.

Ірімшік импорты да сәл азаяды. Өндіріс Айыртау ауданында қолға алынбақ. «Тезис» серіктестігі жұмысты биыл бастауды жоспарлап отыр. Ал етке қатысты мәселе қалай шешіледі? Былтыр өнімнің 56 мың тоннасы өндірілді. Оның 36 мыңы таза және дайын тауар күйінде сатылымға шығады. Тағы бір заңды сұрақ – қалған 12 мыңы қайда? Ол экономикалық айналымға мүлдем тартылмайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Алдағы уақытта ЕМС агроны іске қостық деп мақтана алармыз. Ет комбинаты жұмыс істеп жатыр. Бірақ, осы кәсіпорынға ғана қарап отыра бермейміз ғой. Шұжық жасау қолымыздан келмей ме сонда?

Шұжық жасауға кәсіпорындардың құлық танытпайтынына ресейлік кәсіпкерлердің қатысы бар дейді салаға жауаптылар. Олар бізге арзан, сапасы жергілікті тауардан төмен өнім әкеледі-мыс. Сәйкесінше, жергілікті шұжықтарға сұраныс аз. Бұған қарамастан импортты алмастыру үшін іске кірісемін дегендер бар, оларды да бөгеп тұрған – қаржы. Банктерден несие алу қиын болғандықтан, әкімдік көмекке келуге даяр. Бастысы – ынталы, белсенді азаматтардың отын қағазбастылықпен өшіріп алмау дейді өңір жетекшісі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тағы да қайталап айтамын мемлекеттік органдар кәсіпкерлерге көмектесулері тиіс. Қағазбастылықтан арылтып, жобаны бастан аяғына дейін жеткізуге қолғабыс ету қажет. Бізде жобалардың жүзеге асырылуы ұзақ уақыт алады. Мәселен, құрылыс материалдарын компаниялар өзге өңірлерден әкелуге мәжбүр.

Өңірде темірбетон, металл құрылымы, есік, пластикалық терезе, профлист пен пенопласт бар. Бірақ, жылына 50 млн данасы қажет кірпіш жоқ. Оны өзге өңірден әкелу үшін тауардың құнына 10 теңгеден қосылады екен. Осыдан баспананың шаршы метрінің қымбат болуына таң қалмауға да болады.

Александр Кондратов, «Единство» ЖШС құрылтайшысы:

– Өңірде кірпіш өндірісін қолға алатын жақсы жер бар. Мен кезінде балшықтың химико-физикалық сараптамасын жасаған болатын. 2000-шы жылдардың басында зауытты ашқым келді. Бірақ, сол кездегі проблемаларға байланысты жұмысты тоқтаттым. Қазір істі қайта жандандыруға болады. 2019-шы жылы Араб Әмірлігіне барып, инвесторлармен де сөйлестім.

Идея бар. Оны жүзеге асыруға қолдау білдіру турасында өңір жетекшісі орынбасары Антон Федяевқа міндет жүктеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Антон Владимирович, сіз әкімнің құрылысқа жауапты орынбасары ретінде әр жұмыс күнін ірі кәсіпорындарға хабарласудан бастауыңыз керек. Өндіріс ошақтарындағы жұмыстың барысымен танысып, қандай проблема бар, нендей көмек қажет, соны сұрауыңыз тиіс. Қашықтықтан бақылап отыру деген жарамайды.

Жұмыс жоқ деп шағымданамыз, сала дамымаған деп сөгеміз. Бірақ, істеймін дегенге, болашағы бар идеяны жүзеге асырамын дегенге шаруа бар, әкімдіктен де қолдау табылады.

Эльмира Садвокасова