Ауыл шаруашылығы

Өңір омарташылары бал жинау маусымын бастады

Мамырдың алғашқы онкүндігінде өңір омарташылары бал жинау маусымын бастады. Қазір олар араларын жетілдіріп, гүлді алқаптардағы толассыз еңбекке дайындап жатыр. Ал пайдалы өнімнің бірінші түсімі келесі айдың бел ортасында күтілуде. Әріптесім Саят Ермек облыстағы ең ірі омарташылыққа бас сұғып, жұмысымен танысты және тәтті бизнесті толғандыратын түйткілдерді тыңдады.

Петропавл шетіндегі саяжайлардың бірі. Жақын маңда – түрлі-түсті омарталар. Олардың иесі Олег Гаврилов аралар биылғы маусымда берген алғашқы өнімді бағамдап жатыр. Бұл – мамырлық бал.

Бақбақ, алма және шие гүлінен алынған мұндай бал аса пайдалы әрі дәмді. Тек тәжірибелі омарташы оны жинап, сатпайды. Жәндіктерге қорек ретінде қалдырады. Болашақта тәттіні бұдан да мол етіп алмаққа.

Саят Ермек – тілші:

– “Қызылжар” омарташылығында биыл 150 бал ара жанұясы бар. Әрбір осындай жанұяда 70-80 мыңға тарта жәндік болады екен. Олар қазір жасанды ағаш ұяларда дамып, жетіліп жатыр. Картина бір уақытта әдемі, бірақ өте қорқынышты.

Шағып ала ма деп үрейленесің. Бірақ, карпат тұқымды бұл бал аралары “байсалды” келеді деуге болады. Маусымның 10-ына қарай жәндктер Жамбыл ауданындағы эспацерт өсімдігінің алқаптарына жеткізіледі. Дәл сонда алғашқы өнім алынбақ. Кезекте – қарақұмық, рапс пен күнбағыс гүлдері. Осылай қыркүйектің бел ортасына дейін омарта облыс бойынша көшіп-қонып жүреді.

Олег Гаврилов, «Пасека Қызылжар» ЖШС директоры:

– Бір маусымда тәттінің шамамен 10 тоннасын жинаймыз. 6 түрін өндіреміз. Биылдан бастап құрамында гүл тозаңы бар бал шығаруды қолға алып отырмыз. Ол иммунитетті нығайтады, ауруларды емдейді. Дайын өнім облыстағы дүкен-супермаркеттерде саудаланатын болады.

Отандық нарықтағы үлес зор, ал экспортқа шығуда қиыншылық бар. Бұл – Олег Гавриловты ғана емес, күллі облыс омарташыларын толғандыратын мәселе. Гәп мынада – оңтүстік өңірлерде қыстайтын аралар қырылып қалмасқа антибиотиктермен өңделеді екен. Дәрімек элементтері кейін балдың құрамында да болады, мұндай өнімді шетелдер қабылдамайды. Ал келесі мәселе химикаттарға қатысты дейді омарташы.

Олег Гаврилов, «Пасека Қызылжар» ЖШС директоры:

– Рапс алқаптарын, мәселен, өсімдік ауруларынан қорғау үшін түрлі химикаттармен өңдейді. Бұл – жыл сайынғы қажетті шаруа. Тек мұндай гүлге отырған аралар өліп қалады. Сондықтан, омарташыларға диқандармен тығыз байланыс орнатып, үйшіктерін мұндай егістіктен аулақ ұстаған абзал.

Олег Гавриловтың балды өсімдіктер өлкеде көбірек егілсе деген де тілегі бар. Бірі – сол қарақұмық. Биыл Солтүстік Қазақстанның бұл жарма алқаптарының көлемін көбейтіп жатқанын ескерсек, ара баптап, бал алу кәсібінің жаңа деңгейге шығатын түрі бар.

Саят Ермек – тілші:

– Негізі, бизнестің бұл түрі аса қымбат емес, өйткені көп инвестицияны талап етпейді. Мәселен, мынадай бір омартаның құны әрі кетсе 50 мың теңге, ал бір бал ара жанұясы 18 мың тұрады.

Ал бір жәшіктің өзінен маусымда көп дегенде 100 келі бал алуға болады. Сондықтан, тәтті бизнесті қолға алғандардың қатары қазірдің өзінде қалыңдап жатыр. Биыл өлкеге түстіктен аралардың 6 мың жанұясы әкелінген. Бұл былтырғыдан 1 мыңға көп.

Саят Ермек