Қоғам

ХҚКО-да қызметтердің 660-қа жуығы онлайн режимде көрсетіледі

Электронды денсаулық паспорты мен мекен-жай анықтамасын алу, арнайы әлеуметтік жәрдемақы тағайындау. Қаладағы халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыстарын онлайн режимде жалғастыруда. Мемлекеттік қызметтердің 660-ға жуығы “egоv”.kz порталы және telegram желісі арқылы жүзеге асырылады. Жалпы, төтенше жағдай кезінде орталыққа солтүстікқазақстандықтардан 200 мыңдай қоңырау келіп түскен.

Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыс кестесі өзгергелі бері келушілер саны азайды. Нысанның іші әдеттегіден әлдеқайда босап қалған. Бұрын қызметкерлер күніне 2 мыңдай адам қабылдайтын, ал қазір олардың саны 4 есеге қысқарыпты. Оған қоса, баяғыдай топырлап келіп кезек алу деген жоқ. Енді тұрғындар межелеген ісін тындыру үшін ең алдымен egov.kz порталы арқылы келу уақытын онлайн брондайды.

Юрий Корнев – қала тұрғыны:

– Кеше egov.kz порталына кіріп, орталыққа баратын уақытымды белгіледім. Онлайн кезек алу кезінде ашқандай қиындық пен түсінбеушілік туындаған жоқ. Істі небәрі 5 минуттың ішінде тындырдым.

Электронды денсаулық паспорты, мекен-жай анықтамасын алу, арнайы әлеуметтік жәрдемақы тағайындау. Орталықта мемлекеттік қызметтің 760-тан астам түрі көрсетіледі. Қазір олардың 85 пайызын, яғни 660-қа жуығын тұрғындар электрондық портал арқылы жүзеге асыруда. Дәлірек айтсақ, адамдар құжаттарға «egov mobile» қосымшасы немесе telegram желісінің көмегімен қол жеткізеді.

Серік Бейсенов – «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:

–  Енді солтүстікқазақстандықтар бұрынғыдай орталыққа келіп, кезекте тұрып уақыттарын жоғалтпайды. Себебі, көрсетілетін қызметтердің 660-ға жуығы онлайн режимге көшірілді. Егер қандай да бір қиындықтар туындап жатса, бізге 1414 нөмірі бойынша телефон соғып, кеңес алуға болады.

Егер адамның онлайн қызметті алуға мүмкіндігі болмаса ше? Ал техника тілінен бейхабар егде жастағы адамдар не істемек? Бұл жандарға орталыққа келуіне рұқсат етілген. Әрине, санитарлық талаптарды сақтаса ғана.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Біз мемлекеттік қызметтердің халыққа қолжетімді болғанын қалаймыз. Егер адамның қолында тиісті техникалық құралы болмаса, орталыққа келіп, қызмет алуына рұқсат етілген. Мұндай жеңілдік зейнеткерлер мен көпбалалы отбасы мүшелеріне де қарастырылған.

Қаладағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы да онлайн режимде қызмет көрсетуде. Ал аудандардағы орталықтар жұмысын бұрынғы қалыпта жалғастыра бермек.

Маржан Касымбек