Денсаулық сақтауБалалар

Балалардың жарақаттануы жиіледі

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жарақат бөлімшесі 35 орынға шақталған. Бүгінде оның 9-ы ғана бос тұр. Өйткені, соңғы аптада балғындардың жарақат алу жағдайлары жиілеген. Травматолог-дәрігерлердің айтуынша бұл – тиісті қауіпсіздік ережелерін ұстанбаудың салдары.

Ролик, самокат, велосипед – сан түрлі қозғалыс құралы. Қасымыздан зулап өткенде баладан бұрын ересек адамның өзі қызығады. Қызыққан балғын әперсе дейді, мінсем дейді. Ал мінгеннен кейін қарапайым қауіпсіздік жағын ұмытпаған жөн. Естен шықты ма – құлап түсіп, бір жерін жарақаттап алуы мүмкін. Мұндай жайттар қалада соңғы аптада жиілеп кетіпті. Қазіргі күні облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жарақат бөлімшесінде 26 балақай ем алуда. Оның 20-сы түрлі сүйек зақымдарымен жеткізілген. Арасында қозғалыс құралын қатты жылдамдықпен айдап, қол-аяғын сындырып алғандар да бар.

Борис Гончаров – облыстық көпбейінді балалар ауруханасы травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Карантин кезінде біздің бөлімшеге жүгінетіндердің саны азайған болатын. Бірақ, соңғы аптада жарақат алған балалардың саны күрт артты. Күніне шамамен 30 ұл-қызды қабылдаймыз. Көбіне, білек-иық, омыртқа, жанбас сүйегінің сынуымен түседі.

Ойын баласы жайма-шуақ кезде таң атқаннан кеш батқанға дейін ойын қуалаумен болады. Әсіресе, ұзақ карантиннен кейін. 12 жасар Қарлығаш Абдрахманова былтырғы оқиға сабақ болды дейді. Жеткіншек ролик тебемін деп қолын жарақаттап алыпты. Енді қазір барынша абайлық танытуда.

Қарлығаш Абдрахманова:

– Өткен жылы ролик теуіп жүріп құлап қалдым. Салдарынан қолымды сындырып алдым. Енді абай болуға тырысамын.

Облыстық балалар ауруханасының жарақат бөлімшесі 35 орынға шақталған. Бүгінде оның тек 9-ы ғана бос. Жалпы, жыл басынан аталған емдеу мекемесінің травматология бөлімшесіне 2 жарым мың ұл-қыз жүгінген екен. Ақ халатты абзал жандар ата-аналарға жазғы демалыс уақытында балаларын назардан тыс қалдырмау қажеттігін ескертеді. Әсіресе, терезелердің жағдайына көңіл бөліп, тиісті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету қажет дейді. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы облыста 4 кішкентай бала биіктіктен құлап кетіп, жазым болды.

Дана  Ешкенова