Қоғам

Бүгін – қасиетті Қадір түні

Бүгін – барша мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Қадір түні. Мың айдан да қайырлы түнді жамағат бұл жолы мешітте емес, үйде күтулері тиіс. Дін мамандары жерлестерімізге осындай кеңес береді. Өйткені, карантин ережелеріне сәйкес мешіттер кешкі 8-ден кейін келушілерді қабылдамайды.

Бұл түннің қасиетті болғаны соншалық, аспаннан жер бетіне түскен періштелерде сан болмайды екен. Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз «Кімде кім Қадір түнінің мол сауабына сеніп, ықыласпен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі» деген. Имамдардың айтуынша бұл түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар.

Қасымхан қажы Абдуллаұлы – қалалық «Қызылжар» мешітінің бас имамы:

– Бұл түні барлық періштелер жер бетіне жақсы амал жазу үшін түседі. Қадір кешінде адамдар бір-бірін кешірулері тиіс. Және түнде намазға жығылып, Пайғамбарымыздың хадистерін оқып, жақсы амалдар жасап өткізгендері дұрыс.

Биылғы күнтізбе бойынша Қадір түні бүгін, яғни мамырдың 19-ынан 20-ына қараған түні өтеді. Әдетте жерлестеріміз бұл қасиетті уақытты мешіттерде, имамға ұйып намаз оқып, уағыз тыңдаумен өткізетін. Ал бұл жолы тұрғындар құлшылықтарын үйде жасаулары тиіс. Бұған себеп – карантин ережесі.

Қасымхан қажы Абдуллаұлы – қалалық «Қызылжар» мешітінің бас имамы:

– Қазір елімізде болып жатқан жағдайға байланысты Қадір түнін мешітте өткізуге мүмкіндік болмай тұр. Барлық мұсылман бауырларымыз бұл кешті үйде қарсы алулары тиіс.

Ал қала тұрғындары қасиетті түнді қалай қарсы алмақшы екен. Оны өздерінен сұрап білдік.

– Мешітке баруға болмаса, үйде боламыз, әрине.

– Бауырсағымды пісіріп, күйеуім және жиеніммен бірге үйде отырып күтеміз енді.

– Бүгінгі қасиетті Қадір түнін үйде қарсы аламын. Алладан елдегі жағдай тұрақталса екен деп тілейтін боламын.

Айта кетейік, мешіттер сағат 8-ден кейін келушілерді қабылдамайды.

Бердимурат Баймухан