Бизнес және экономика

Қ.Ақсақалов: “Қарақұмық бойынша ішкі қажеттілікті жабуға ниеттіміз”

Біз өзімізді-өзіміз азық-түлікпен қамтуымыз керек. Пандемия импорт алмастырудың маңыздылығын дәлелдеді. Петропавлдағы жарма өңдейтін зауыттың жұмысымен танысқан облыс әкімі осылай деді. Бұл кәсіпорын сол жарманың түр-түрін қаптап, жергілікті дүкендерге жеткізеді. Алайда, өңір алқаптарында жақсы өсетін қарақұмықты көрші Ресейден тасуға мәжбүр.

Мұндай зауыт – Солтүстік Қазақстанда жалғыз. Жарманың 12 түрі қоқым-қалдықтан тазартылады, бумен өңделіп, байытылады. Үрдіс толықтай автоматтандырылған. Көтерме сауда үшін – 25 келілік қаптарға, ал дүкен-супермаркет сөрелері үшін 800 граммдық қаптамаға салынады. Өзімізде жасалғасын, шетелден әкелінбегесін баға нарықтағыдан бақандай 20 пайызға төмен.

Акиф Велиев – «Рахат Опт» ЖШС директоры:

– Мәселен, қарақұмықтың 800 граммдық бір қаптамасы супермаркеттерде 246 теңге тұрады, ал импорттық ресейлік өнімнің бағасы 400-ге жуықтайды.

Күріш, үрмебұршақ сияқты бізде өспейтін жармалар, әрине, басқа аймақтардан жеткізіледі. Ал өзге 6 түрін, атап айтқанда асбұршақ, қарақұмық, перловка, арпа, ұнтақ жарма мен жасымықты зауыт тікелей жергілікті аграрийлерден сатып алады. Импорт алмастыру деген – осы. Бәрі жеткілікті, тек қарақұмық тапшы. Өңір диқандары оны өсіруге құлықсыз. Былтыр шамамен 1800 гектарға ғана себіліп, небәрі 1,5 мың тонна жиналған. Ал облыс жылына гречканың 4,5 мың тоннасын тұтынады екен. Мұндай тапшылық, әсіресе, төтенше жағдай режимі кезінде қатты сезілді. Өйткені, сұраныс күрт артты. Ал жергілікті шикізат жетпегесін, шетелден әкелуден басқа амал жоқ.

Акиф Велиев – «Рахат Опт» ЖШС директоры:

– Өнімді Ресейдің Барнауыл қаласынан импорттауға мәжбүр болдық. Өйткені, өзімізде болмады. Әрине, солтүстікқазақстандық қарақұмықты алу біз үшін жеңілірек әрі үнемдірек. Бірақ, амал нешік, шикізат жетіспейді.

Мұндай жетіспеушілікке енді жол берілмейді деді Құмар Ақсақалов. Сабақ алынды. Солтүстік Қазақстан облысы биылдан бастап қарақұмық алқаптарының аумағын көбейтті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл 5 мың гектарға себеміз де, күзде былтырғыға қарағанда 3 есе артық өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. Осылайша, қарақұмық бойынша ішкі қажеттілікті толықтай жабуға ниеттіміз. Ал алдағы уақытта алқаптардың көлемін одан бетер арттыруымыз керек. Диқандармен жұмыс жасайтын боламыз.

Айналып келгенде біз агралық аймақ емеспіз бе?! Сондықтан, өзімізді ең кұрығанда жармамен қамти аларлық қауқарымыз бар. Сол мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Импортқа тәуелділік алысқа апармайды, қолды байлайды. Мұны шетелдермен шекараны жаптыртқан төтенше жағдай режимі дәлелдеді.

Саят Ермек