Мәдениет

Облыстық филармонияда онлайн концерт өтті

Ду қол шапалақ пен көрермендің жылы шырайлары енді әлеуметтік желідегі лебіздерге алмасты. Облыстық филармонияның әртістері онлайн форматта концерт беруді жалғастыруда. Кеше осындай жеке кешін жергілікті әнші Анастасия Селезнева өткізді.

Бүгінгі концерт өзгелерден ерекше. Себебі, әртістердің қолдап-қолпаштайтын, ерекше бір күш алатын көрермендері залда жоқ. Енді сүйікті әншілерін тыңдармандар тек экранның ар жағынан ғана тамашалай алады. Қазір сахнада облыстық филармонияның әншісі – Анастасия Селезнева. Ол жеке концертін жаңа форматта алғаш рет өткізіп жатыр екен.

Анастасия Селезнева – облыстық филармонияның әншісі:

– Әрине, қобалжу бар. Көрермендер залда болмаса да бұл кешке ұзақ дайындалдық. Негізінен лирикалық әндер шырқалып жатыр. Дуэтпен де айтамыз. Тыңдармандар арадағы қашықтыққа қарамастан мені қолдап, өздерінің жылы лебіздерін білдіруде.

Ал мына тұста Бүркіт Жанай өзінің кезекті жеке кешіне дайындығын бастап кеткен. Концерт ертең, яғни мамырдың 20-сі күні сағат 17:00-де өтпек. 30 минутқа жалғасатын бағдарламада әнші Абайдың туындыларын, Батырхан Шукеновтің және халық әндерін орындамақ.

Бүркіт Жанай – облыстық филармонияның әншісі:

– Карантин уақытында көбінесе үйде болдық, Дегенмен, уақытты зая кетірмей, әннің сөзін жаттап, концертке дайындалдық.  Бұл да бір карантин уақытында халықтың көңілін көтеру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Жалпы, елімізде карантин жарияланғалы жергілікті әртістер 39 онлайн концерт және 23 шеберлік сағатын өткізген екен.

Актолкын Солтанханкызы