Қоғам

Жазасын өтеушілер туғандарымен видеобайланысқа шығуда

15 минуттан аптасына бір рет! Өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесінің 5 мекемесінде қысқа және ұзақ мерзімді кездесулер тоқтатылды. Себеп қарапайым, коронавирус инфекциясына байланысты. Оның орнына жазасын өтеушілерге апта сайын туған-туыстарымен видеобайланысқа шығуға мүмкіндік жасалды. ЕС-164/3 мекемесінде сотталғандар бүгінге дейін жалпы 300 рет жақындарымен скайп арқылы жүздескен.

Әуез Ақбазаровтың жанары сағынышқа толы. 4 жыл болды азаматты жанұясы мен туыстарынан 1200-ден аса шақырым және темір тор жырақтатып тұр. Жанына жақын туғандарының дауысын ол аптасына бір рет естіп, жүрегінде ерекше орын алатын адамдардың жүзін көреді. Бірақ, оларды құшағына басып, иіскей алмайды. Азаматты бостандықта үш баласы, жары, анасы мен бауырлары күтіп жүр. Аңсаған кездесуге дейін әлі бір жарым жыл бар.

Әуез Ақбазаров – сотталған:

– Анаммен, ағаммен, балаларыммен сөйлесіп тұрамын. Туған-туыстарым Ақтөбе қаласында тұрады. Жарты жылда, бір жылда бір рет келіп тұрады. Ал қысқа мерзімде екі сағаттық кездесу үшін тым алыс. Сондықтан, видеобайланыс арқылы шығуға мүмкіндік жасалды.

Қалың қалай? Денсаулығың жақсы ма? Не жаңалық? Балаша қуаныш сыйлайтын қарапайым диалог. Жазасын өтеушілер үшін олардың әрбірі ыстық. Бір мезетке сотталғандар темір торда емес, үйде отырғандай сезімде болады. Тимур Урманов та апта сайын өз кезегін асыға күтеді. Зайыбын көрудің жалғыз мүмкіндігі – осы, себебі. Азаматтың тағдыр қосқан қосағы Петропавлдағы колониялардың бірінде жазасын өтеуде.

Хат жазысады, телефонмен сөйлеседі. Енді, міне, скайп арқылы байланысқа шығады. Бостандыққа дейін қалған 1 жыл мен 11 айдың әр күнін күнтізбеден бірге сызады.

Тимур Урманов – сотталған:

– Мен ұрлық жасадым. Сот үкімі бойынша бостандығым шектелді. Бірақ, бірнеше рет пробация қызметіне барып, белгіленген жоқпын. Осылайша абақтыға отырдым. Бостандықты аңсап жүрмін. Түрмеден шыққаннан кейін әйелімізбен қайта қауышамыз. Бірге жаңа өмір бастағымыз келеді. Енді мұндай қателікке жол бермеспіз.

ЕС-164/3 мекемесінде бүгінде 260 адам жазасын өтеуде. Азаматтардың әрбіреуіне жақындарымен байланысқа шығу үшін мүмкіндік жасалған.

Рүстем Рахметов – ЕС-164/3 мекемесі бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары:

– Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясын таратпау мақсатында сотталғандарға туған-туыстарымен байланысу үшін ұзақ және қысқа мерзімді кездесулер тоқтатылды. Туған-туыстарымен скайп арқылы сөйлесе алады.

Жазасын өтеушілерге амандық сұрасып, жаңалықтармен бөлісуге 15 минут уақыт беріледі. 

Эльмира Садвокасова