ТЖ

Өткен аптада өңірде оқыс оқиғадан 4 адам қаза тапты

Жөндеу жұмысын жүргізіп жатқанда үстіне үйдің қабырғасы құлап кеткен. Жаға ұстатарлық оқиға Ғабит Мүсірепов ауданындағы Ломоносов ауылында орын алды. Ажал құшқан өрімдей жас жігіт баспана ішіне құбыр өткізбекші болған екен.

Төтенше жағдай мамырдың 15-і күні Жамбыл көшесі бойындағы үйлердің бірінде орын алды. Кенеттен көппәтерлі баспананың 10-шы қабатынан өрт шығады. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Мамандардың жылдам әрекет етуінің арқасында 6 адам құтқарылды. Оның 5-і – бала. Тілсіз жау тұрғындардың отты дұрыс қолданбауы салдарынан пайда болған.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– 6 адам автобаспалдақтың көмегімен құтқарылды. Өрт 17:13-те оқшауланып, 17:36-да толығымен сөндірілді. Өрттің шығу себебі – бензинді лампасымен қолдану.

Тағы бір жаға ұстатарлық оқиға Ғабит Мүсірепов ауданында тіркелген. Ломоносов ауылының 94-ші жылғы тұрғыны үйіне құбыр өткізіп жатқан кезде үстіне қабырға құлап кеткен. Өкінішке қарай, азамат жедел жәрдем қызметкерлері жеткенше көз жұмған. Өңірде орын алған төтенше жағдайлар саны осымен шектелмейді. Өткен аптада Тимирязев ауданының 49 жастағы тұрғыны суға батып кетті. Ол түс кезінде жалғыз өзі балық аулауға кетіп, қайта оралмаған.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Альпаш көлінде 7-мамырдан бастап балықшының денесін іздеді. Азаматтың мәйіті 11 мамыр күні судан табылды.

Жалпы, өткен аптада өңірде 50 төтенше жағдай оқиғасы тіркелген. Салдарынан 4 адам қаза тапты.

Маржан Касымбек