Көлік және жолдар

Қор болған 340 млн теңге

Қор болған 340 млн теңге. Есіл ауданына қарасты Заградовка ауылына апарар тас жолдың жөндеу жұмысы былтыр маусым айында басталып, қарашаның соңында аяқталуы тиіс болатын. Бірақ, мердігер трассаны әлі күнге дейін пайдалануға тапсырмаған. Асфальт бар, бірақ сапасы мүшкіл жағдайда. Тапсырыс беруші оны қабылдамай, сотқа арыз тастапты. Жуырда мамандар жарым-жартылай салынған жолға алдын ала сараптама жүргізді.

Бұл – Заградовка ауылына кіреберістегі 6 км жол. Былтыр осы трассаны орташа жөндеуге республикалық бюджеттен қыруар қаражат бөлінген. Мердігер жұмысты 5 айдың ішінде аяқтауы тиіс болатын. Бірақ, шаруа талапқа сай атқарылмағандықтан, жергілікті орган оған шағым түсірген.

Қайрат Имантаев – Есіл аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі:

– Ұзындығы 5 км 700 метрді құрайтын жолды жөндеу үшін келісім-шарт жасастық. Мердігер жұмысты маусым айында бастады. Кейін шілдеден қыркүйекке дейін жоғалып кетті. Айтуларынша басқа нысанда болған. Кейін қазан айында жұмысын қайта жалғастырды. Жөндеу жұмысы аяқталған жоқ. Осыған орай біз сотқа арыз тастадық. Қазіргі күні жол әлі пайдалануға қабылданбады.

Іске жауапты «Kaz Fortis» серіктестігінің мамандары кепілхат жазып, жұмысты мамырдың 31-іне дейін аяқтаймыз деп уәде беріпті. Көріп тұрғанымыздай, жаңа ғана салынған трассадағы асфальттың беті қазірдің өзінде жарылып, тесіліп жатыр. Бүгін жол сапасын тексеретін мамандар келіп, оған сараптама жүргізді. Талапқа сай жолдың ені 7 метр болуы шарт. Тексеріс барысында ол 6,5 метрді ғана құрады. Ал қалған жарты метр қайда кеткені белгісіз.

Жолдыбай Тентеков – «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК СҚО бойынша филиалының директоры:

– Көзге анық көрініп тұр. Жолдың беті жарыла бастаған. Осыны көріп асфальтті салу технологиясы сақталмаған деп сеніммен айта аламын және мамандар оның қалыңдығына мән бермеген. Жоба бойынша жол қабатының үстіңгі мен астыңғы қыртысы 4 см-ден болуы тиіс. Ал мына жерде 2-3 см-ден аспайды.

«Kaz Fortis» серіктестігінің директоры өз кінәсін мойындамай отыр. Айтуынша, орташа жөндеу жасалады деп келісілген трассаға күрделі жөндеу жұмысын жасапты. Тіпті, өз қалталарынан ақша жұмсап, шығынға батқан көрінеді

Эдуард Шандер – «Kaz Fortis» ЖШС директоры:

– Біз жоба бойынша осы жердегі жолдың 70 пайыз материалына өзімізден 30 пайыз материал қосып орташа жөндеу жұмысын жүргізу керек едік. Келгенімізде мұнда грейдер болды. Мемлекет бөлген қаржы 2 км-ге ғана жетті.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

 – Қазір мамандар асфальттан алынған сынамаларды зертханаға алып кетті. Ол жақта жолдың сапасына сараптама жасалып тығыздығы тексеріледі. Және жолдың әр учаскесінде мынадай шұңқырлар бар. Оны ешқандай экспертизасыз-ақ байқап тұрмыз, міне.

Қолақпандай 340 млн теңге бөлінген алақандай жер неге әлі күнге дейін дұрыс жөнделмей жатыр? Күрмеулі мәселені шешуге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері кірісті. «Kaz Fortis» серіктестігінің басшылығы жолды айдың соңына дейін қалыпқа келтіреміз деп уәде беріп отыр. Күнтізбеде небәрі 15 күндей ғана уақыт бар екен. Мұндай қысқа мерзімде жұмысшылар шаруаны тындырып үлгере ме, ол жағы белгісіз.

 

 

 

Бердимурат Баймухан