COVID-19: Қазақстан

Дәмхана-мейрамханалар 22:00-ге дейін жұмыс істейтін болады

Дәмхана-мейрамханалар мен турбазалар ашық, темір жол вокзалының кассалары билет сата бастады, ал жазғы лагерьлер маусымға дайындалып жатыр. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысымен бүгіннен бастап Солтүстік Қазақстан облысында карантин режимі жеңілдеді.

Саят Ермек – тілші:

– Тіршілік ақырындап қайта қалыпқа келуде. Облыстағы эпидахуалды санитарлар “жақсы” деп бағалап отыр, сондықтан дүйсенбіден бастап карантин режимі тағы да жұмсартылды. Осымен 4-ші мәрте. Біріншіден, бизнес-орталықтар жұмысын жандандырды, одан қалды темір жол вокзалының кассалары да енді ашық.

Бірақ, сағат кешкі 7-ге дейін ғана. Маусымның 1-інен Қазақстан бойынша пойыздар қатынай бастайды. Рейстерге билеттерді вокзалға барып, ертерек алып қою мүмкіндігі бар. ХҚКО-лар да ашылды. Тек қаладағылары жаңа форматта жұмыс істейді. Бұл жайлы өткен аптада айтқан едік. Мекемелерге тек қағаз жүзіндегі қызметтер мен дайын құжаттарды алып кетпекке ғана келуге болады. Бұл үшін кезекті ертерек броньдап қою керек. Қоғамдық тамақтану орындары да, әйтеуір, ашылды. Бұқара мұны тағатсыздана күткен еді. Бірақ, дәмханалар, оның ішінде ашық аспан астындағы “летниктер”, мейрамханалар мен асханалар кешкі 10-да жаппай жабылуы тиіс және бұл жалғыз ғана шектеу емес.

Серікбай Қасмақасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

– Қоғамдық тамақтану орнында бір уақытта 30 адамнан артық отырмауы тиіс және тиісті санитарлық талаптар мен қауіпсіз арақашықтық сақталуы шарт. Ал той-томалақтар, еске алу астары мен өзге де отбасылық іс-шараларды өткізуге рұқсат жоқ.

Қонақ үйлер мен турбазалар да жұмысын қайта жандандырды. Соңғысына сұраныс артады, өйткені күн ыстық, ал жұрт табиғат аясында тыныққанды аңсап жүр. Тек нысандар шамадан тыс толық болмауы тиіс, ал кіреберісте әрбір клиенттің дене қызуы тексеріледі.

Серікбай Қасмақасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

– Қызметкер мен келуші 1-1,5 метрлік арақашықтықты сақтауы тиіс, өзара тікелей қарым-қатынасты да мейілінше қысқарту керек. Қонақ үйге орналасамын деген азаматтың қолында бойында вирустың жоқтығын дәлелдейтін ПТР анализінің қорытындысы болуы шарт. Тынығушы кеткеннен кейін әр бөлмені дезинфекциялық құралдармен тазарту керек. Сондай-ақ, әр нысанда COVID-19-ға күдігі бар тұлғаларға арналып бөлек бөлмелер жарақталуы тиіс.

Мешіттер мен шіркеулер де бұқара үшін есігін айқара ашты. Алайда, діни нысандар көп дегеннің өзінде 30 пайызға ғана толуы тиіс. Үйірмелер, жеке меншік білім беру орталықтары да жұмыс істей бастады. Бірақ, сабақатар алдын ала жазылу арқылы ғана өтеді, ал қызметкерлер мен балалардың жай-күйі ұдайы бақылауда болуы тиіс. Ал жазғы лагерьлерге балаларды қабылдау үшін әзірлікті бастауға рұқсат етілді.

Серікбай Қасмақасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

– Сондай-ақ, тұрғындарға ашық аспан астындағы стадиондарға барып, спортпен айналысуға рұқсат. Даладағы футбол, баскетбол, теннис және волейбол алаңқайлары да ашық. Бірақ, көпшілік іс-шараларға, бұрынғыша, тыйым салынған, спорттық матчтардың бәрі жанкүйерсіз өтетін болады.

Ал ірі сауда және ойын сауық орталықтары, ондағы фудкорттар мен ойын алаңқайлары, барлық кинотеатрлар, түнгі клубтар мен фитнес-залдар, моншалар мен сауналар әлі ашылған жоқ.

Саят Ермек – тілші:

– Өңірдің бас санитарлық дәрігерінің сөзінше талаптардың сақталуы қатаң бақылауда болады. Кәсіпкерлерге қауіпсіздік ережелеріне жіті көңіл бөлген абзал. Өйтпесе, нысанның жабылып, жұмысының тоқтатылуы ғажап емес. Шектеулер жұмсарғанымен, қоғамдық орындарда маска тағу, қауіпсіз арақашықтықты сақтау сияқты жалпы талаптар – күшінде. Өйткені, ел бойынша науқастар жүздеп табылып жатыр, ал тиіп тұрған Ресейдегі ахуал да мәз-емес. Айтпақшы, көрші елден оралып жатқан отандастырымыздың көбі шекараны біздің облыс арқылы кесуде. Сондықтан, вирустың таралу қаупі әлі де бар.

 

 

 

 

 

Саят Ермек