Қоғам

“Адалдық сағаты” онлайн дәрісі

“Адалдық сағаты”. Осындай атаумен жемқорлыққа қарсы қызметтің бастамасымен бүкіл ел көлемінде онлайн дәріс өткізілді. Кезекті шара Абай Құнанбаевтің 175 жылдығына арналды. Дәріс барысында ұлы ақынның өскелең ұрпақты адалдық пен адамгершілікке баулитын өлеңдері жайлы айтылды.

Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.

Бұл – Абайдың сөздері. Ойшылдың қалдырған рухани дүниелері 1 ғасырдан астам уақыт өтсе де құндылығын жоғалтқан жоқ. Көзі ашық, көкірегі ояу жан бұл пайым-түсінікке терең үңілсе, өзіне, адамзатқа қажетті, адамды адамгершілікке бастайтын асыл сөздерге қанығады.
Арды ойламай, пайданы ғана ойлаған талай жемқор ұсталды. Мансап баспалдағымен биікке көтерілген талай азаматтың тек өзінің қамы үшін қалта толтырып, ақыры абыройынан айырылғанын көрдік. Сол себепті, бұл – ойландыратын сөздер.

“Адалдық сағаты” онлайн-дәрісінің мақсаты да осы – ұлы Абайдың сөздері арқылы өскелең ұрпақты адалдыққа, адамгершілікке баулу. “Тәрбие – тал бесіктен” демекші, ертең үлкен азамат болатын балалардың тәрбиесіне қазір көңіл бөлу қажет дейді 24 жылдық тәжірибесі бар педагог Айнұр Қайсенова.

Айнұр Қайсенова – қала тұрғыны:

– Балаларды әрдайым ұлтжандылыққа баулимыз. Тілге деген тәрбие жөнінде көп сөйлесеміз. Ауладағы балалармен қазақша сөйлесіңдер деп айтып отырамыз. Сонымен қоса, подъезде болсын, жалпы үлкендерді сыйлау керектігін түсіндіреміз.

Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой. Бұл өлең жолдарын Қайсеновтер отбасы жақсы біледі. Адам бойындағы бес асыл қасиетті өз заманында ұлы ақын Абай Құнанбаев атап өткен болатын. Ғұламаның жазған өлеңдері мен қара сөздері аманат ретінде ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді.

Амангелді Сатанов – «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Барлық мектептерде “Адалдық сағаты” өткізіліп жатыр. Карантин режиміне байланысты бұның барлығы онлайн түрде өткізіліп жатыр. Оның басты мақсаты – өсіп келе жатқан ұрпақтың бойында жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру.

Бұл 10 минуттық бейнероликті тұрғындар сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің әлеуметттік желідегі парақшаларынан және отандық телеарналардан тамашалай алады. 

Актолкын Солтанханкызы