Қоғам

Вера Яворская: баланы тарихқа баулып өсіру керек

Еңбек ардагері, өлкетанушы Вера Яворскаяның айтары көп. Өмірін өлке тарихын зерттеуге арнаған жанмен жуырда сұхбаттасқан болатынбыз. 80-нің сеңгіріне шыққан кейуана  майданға қатысқан ағайыны туралы әңгімелеген еді. Халықаралық отбасы күні қарсаңында зейнеткермен тағы бір жолығуды жөн көрдік. Отағасымен 2 қыз тәрбиелеп, оларға білім беріп, қиясына қондырған. Вера Никитична немерелері мен шөберелеріне де әжелік өсиетін жиі айтады екен.

Жанұя мүшелерінің қатысуымен өткізілген мерекелік жиындар, балалардың күміс күлкісі, кешкі сырласу. Отбасы сөзін естіген кезде Вера Яворскаяның көз алдына осындай картина елестейді. 80-нің сеңгіріне шыққан кейуана отағасымен 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Олардан бүгінде 4 немере мен 5 шөбере сүйіп отыр.

Вера Яворская – еңбек ардагері, өлкетанушы:

– Менің арғы аталарым Петропавлға 1752 жылы Украинадан көшіп келген. Олар әскери адам болды. Өзім 1936 жылы тудым. Содан бері осы жердің суы мен асын ішіп, өсіп-өндік. Мен үйдің жалғыз қызымын. Әке-шешем еңбекқор болуға үйретті. Қыздарымды да солай тәрбиеледім.

Вера Яворская жанұялық дәстүрлерге өте берік. Ол әр мерекені жақындарымен өткізеді екен. Бірақ, биыл туған-туыстар 15-ші мамыр – Халықаралық отбасы күнін бірге атап өтеп алмайды. Оған себеп – карантин.

Ольга Михайлова – Вера Яворскаяның қызы:

– Алшақ тұрсам да әр демалыс сайын анама келетін едім. Бірақ, қазіргі жағдайға байланысты бара алмайын деп тұрм. Анам маған кішкентай кезімнен адамдарға сыйластық танытып, қамқор болып, отбасы құндылықтарын сақтай білуді үйретті. Бүгінде осы қасиеттерді өз балаларымның бойына сіңіріп жүрмін.

Вера Яворскаяның өмір жолын көпке үлгі етуге болады. Кейуана 50 жыл университетте география пәнінен сабақ беріпті. Өзі әлі күнге дейін өлке тарихын зерттеумен айналысады. Жерлесіміз бұған дейін Ұлы Отан соғысы жылдары ерлік көрсеткен солтүстікқазақстандықтар туралы біраз дерек жинақтаған екен.

 

 

Актолкын Солтанханкызы