Балалар

ТЖ аяқталысымен балабақшалар тәрбиеленушілерін қабылдай бастады

Мамырдың 18-інен бастап барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысы қайта жанданады. Ал, әзірге, қаладағы балабақшалардың біразында кезекші топтар құрылған. Балаларын тәрбиешіге  тек жұмысбасты ата-аналар ғана тапсыра алады.

Төтенше жағдайдан кейін “Солнышко” бөбекжай-бақшасының жұмысы кеше ғана жанданды. Бірақ, мұндағы мамандар нысан қайта ашылмас бұрын алдын ала дайындалған. Балабақшада 7 кезекші топ бар. Әрбіреуінде 12-15 баладан. Ұл-қыздар жас ерекшеліктері бойынша іріктелген.

Балабақшаға таңертең келген кезде балақайлардың барлығы мына кабинеттен өтеді. Дене қызуы тексерілген кейін ғана өз топтарына жіберіледі.

Марина Артеменко – «Солнышко» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі:

– Қазіргі таңда біздің бөбекжайда 86 ұл-қыз бар. Олардың барлығы топтарға бөлінді. Көбіне балақайлар уақыттарын таза ауада өткізеді. Нысанның іші әрдайым зарарсыздандырылып тұрады. Барлық санитарлық талаптар орындалуда. Оған қоса қызметкерлер күні бойы қорғаныс құралдарымен жүреді.

Бүгінде облыс орталығында 57 мектепке дейінгі білім беру ошағы бар. Олардың 52-сінің жұмысы қайта жанданды. Бірақ, ата-аналарға белгілі бір талаптар қойылып отыр. Мәселен, баланы балабақшаға әкелмес бұрын ұл-қыздарының денсаулығы жайлы терапевтен анықтама әкелулері тиіс. Тағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім бері ұйымдарына жасы 65-тен асқан немесе жүкті келіншекпен жіберуге тыйым салынған. Бұндай шешім қауіпсіздік мақсатында қабылданып отыр.

Гүлнәр Сеитова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Балабақшада санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Бөлмелер жуылып, сағат сайын кварцталып отыруы міндетті. Және жатын бөлмелердегі кереуеттердің ара қашықтығы 1 метрден кем болмауы керек.

Айта кетейік, мамырдың 18-інен бастап барлық балабақшалар бұрынғыдай жұмыс істейтін болады. Тек санитарлық талаптар сол қалпында қала бермек.

Дана Сәлімқызы