Ауыл шаруашылығы

Тұқым жаңарту – маңызды іс

Егістік науқаны өлкеде қызу жүріп жатыр. Аграрийлер ылғалды сақтау жұмыстарын аяқтап, дән сіңіруге көшті. Алайда, бұл шаруаны диқандарға ертерек бастауға тура келді. Себеп – аптап ыстық. Тағы бір маңызды мәселе – тұқым жаңарту. Осы орайда шаруаларға Аққайың ауданында орналасқан өңірлік ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы көмекке келген. Мұндағы мамандар алтын дәннің элиталық сұрыптарын көбейтіп, диқандарға сатады.

“Кировец”, су жаңа “Джон дир” – өңір алқаптарында түрлі техника жүйткіп жүр. Егістік науқанының қызған шағы. Шаруа ғана емес, күн де қызып тұр. Биылғы көктем өлкеде ерекше ыстық. Сәуірдің соңынан бері 30 градустық аптап. Алқаптардағы ылғал кеуіп жатыр. Сондықтан, дән сіңіруді диқандарға ертерек бастауға тура келді.

Белгібай Қанафин – “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Майлы дақылдарды себу 12-ші мамырдан басталды. Бір-екі күнге ертерек, өйткені ауа-райының ыстығына байланысты топырақтың үстіңгі бөлігі кеуіп бара жатыр. Дәнді дақылдарды егу мерзімі мамырдың 15-інен басталды.

Тым кеш егілсе, күзде шығым болмайды дейді Қиялыдағы ауыл шаруашылық тәжірибе станциясындағылар. Мұндағы ғалымдар аграрийлерге кеңес те береді, оларды астықтың элиталық сорттарымен де қамтамасыз етеді. Иә, тұқымды жаңартпай қамбаны толтыру қиын.

Тәжірибе станциясының ғылыми алқаптары. 300 гектар аумаққа таңдаулы тұқымдықтың түр-түрі себілуде. Германиялық, ресейлік және, әрине де, отандық сұрыптар – үлгілердің жалпы саны 5 мыңнан асып жығылады. Мамандар оларды егілген күннен пісіп-жетілгенше дейін бақылайды.

Олег Соловьёв, «Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС директорының орынбасары, Аққайың ауданы:

– Әр сұрыпқа анализ жасаймыз. Олардың қуаңшылыққа төзімділігін, облыс климатына қаншалықты бейім екенін, шығымдылығы мен сапасын қадағалаймыз.

Осылайша, ең үздік сұрыптар іріктеледі, 20 мың гектарлық өндірістік алқаптарға себіліп, көбейтіледі. Кейін “элита” диқандарға саудаланады. Тек мұндағы мақсат – сату ғана емес.

Олег Соловьёв, “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” ЖШС директорының орынбасары, Аққайың ауданы:

– Әр элиталық сұрыпқа жеке-жеке технология әзірлеп, аграрийлерге ұсынымдар жасаймыз. Диқан бізге келіп сортты таңдайды, ал мамандар оған қанша тыңайтқыш енгізу керек, дәнді қашан сеуіп, қашан жинап алу керектігін айтып береді. Егер бұл қағидалар сақталса, күзде мол өнім алуға болады.

Станция мамандарының сөзінше ауыл шаруашылығын ғылымсыз елестету мүмкін емес. Жерді жыртып, тұқымды еге салу оңай, бірақ бір гектардан, мәселен, 30 центнер аламын дегендерге технологияның көмегіне жүгінбей болмайды, сапалы сұрыпты таңдау да маңызды. Бүгінде солтүстікқазақстандық аграрийлер арасында элиталық “Шортанды-2012” сұранысқа ие көрінеді. Дала жұмыстары басталғалы станция бұл тұқымдықтың 1,5 мың тоннасын сатып үлгеріпті. Қалғаны осы ғана.

Белгібай Қанафин – “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Дәннің сапасы өте биік, 3-ші сыныптан төмен болмайды, ерте піседі, қуаңшылыққа төзімді.

Одан қалды “Ақмола – 2”, “Омбылық – 35”, “Астана” сынды алтын дән де танымал. Осыдан бірер ай бұрын толып тұрған қойма қазір бос. “Элитаны” жергілікті шаруалар талап алып кеткен. Айта кеткен жөн, биыл біздегі алқаптардың кем дегенде 9 процентіне элиталық астық сіңірілуі тиіс. Бұл – министрліктің пәрмені. Солтүстікқазақстандық ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы дәлме-дәл егіншілік технологиясын да жетілдіріп жатыр. Метеостанция, коптер, сканерлердің түр-түрі шығымдылықты арттыруға септеседі. Бірақ, бұл жаңашылдық біздің диқандар үшін, әзірге, қолжетімсіз – қалта көтермейді.

 

 

 

Саят Ермек