Білім

Студенттер онлайн режимде емтихан тапсыруда

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың студенттері онлайн режимде емтихан тапсыруда. Сынақтар мамырдың 11-і күні басталыпты. Қашықтықтан ұйымдастырылған сессия маусым айының басында аяқталмақ.

Коронавирус пайда болып, адамзаттың өміріне біраз өзгеріс әкелді. Жоспарлағанымыз жоспарлағандай емес, дәл қазіргі шақпен іс-әрекет етуге тура келді. Күнде оқуға асығатын студенттердің өзі университетке емес, бөлмелерінде кітап-дәптерлерін жинап, құралдарын қамдады. Өйткені, сабақ сырттай жүргізілді. Жоғары білім «Zoom» бағдарламасы арқылы берілді. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің тарихында сессия атаулы биыл алғаш рет қашықтықтан өтіп жатыр.

Жанар Таласпаева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:

– М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де қашықтықтан өткізілетін сынақтар, аттестаттау бұрынғы уақытымен жүргізіледі. Білім алушылар, оқытушылар, ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Университет басшылығы шалғай елді мекендерде тұратын студенттерге бірталай жеңілдік жасаған. Өйткені, алыстағы ауылда интернеттің жылдамдығы өте төмен немесе ғаламтор атаулы мүлдем жоқ екендігі айтпаса да түсінікті. Осы ретте облыс орталығынан алыста тұратын студенттердің сынақты оффлайн түрде тапсыруға мүмкіндіктері бар. Яғни, емтиханның жауаптарын whatsapp арқылы жолдай алады. Тестілеуді компьютерде орындайтын жастар сұрақтарға жазбаша жауап береді.

Жанар Таласпаева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:

– Айдың соңына дейін 2764 сынақ өткізу жоспарлануда. Соның 2589-ын студенттер жазбаша түрде тапсырады. Ал 85 емтихан компьтерлік тестілеу болып табылады. Қалғандары шығармашылық тапсырма орындайды. Барлық нұсқаулықтар университеттің сайтында жазылған.

Жоғарғы оқу орнын биыл тәмамдайтын түлектер де дипломдық жұмыстарын онлайн қорғауы мүмкін. Бұл шешім – уақыттың еншісінде. Егер коронавирусқа қатысты елдегі ахуал дұрысталса диплом жұмысын қорғау қалыпты тәртіпте ұйымдастырылады.
Айта кетейік, білім ордасының басшылығы карантин кезінде табысынан айырылған бірқатар отбасылардың балаларына жеңілдіктер жасаған. Яғни, 2-ші мен 3-ші курстың оқу төлемін маусым айына дейін шегерді. Ал 1-ші курстың жастары төлемді тамыз айының соңына дейін өтеуге мүмкіндіктері бар.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректорының міндетін атқарушы:

– Мұндай жеңілдікке 218 студент ілікті. Қыз-жігіттердің оқу төлемі белгіленген уақытқа дейін шегерілді. Ал биыл оқу бітіретін мыңнан астам студент төлемді мамыр айының соңына дейін жасаулары тиіс.

Жергілікті университетте бүгінде 7 мыңнан астам студент білім алады. Оған қоса, тағы 360-қа жуық магистрант бар.

Маржан Қасымбек