Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі өндіріс ошақтарын аралады

Петропавлда трансформаторлар мен ламинатталған фанера шығарылатын болады. Тың жобаларды инвесторлар жүзеге асырып жатыр. Іс аяқталғасын жергілікті жүздеген адамды жұмыспен қамту көзделген. Ауқымды шаруамен облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысып, қалталы азаматтардың жоспарымен бөлісті.

Жыл соңына қарай бұрынғы қойманың мына 17 мың шаршы метр жерінде трансформатор өндірісі басталады. Ауқымды іспен көпшілікке аса танымал «Alageum Electric» компаниясы айналыспақ. Оның өзіндік себебі бар. Аталған кәсіпорынды Петропавлда өткен жылы ғана құрылған арнайы экономикалық аймақтың жеңілдетілген шарттары қызықтырыпты. Алдағы уақытта мұнда коммуникация тартылады. Ал қазір ғимарат қалыпқа келтіріліп жатыр.

Мақсат Үсенбаев – “Петропавл электротехникалық зауыты” ЖШС директоры:

– Қондырғы жеткізушімен алдын ала шарт жасастық. Лизингке өтініш берілді. Құжат мақұлданған соң техникалық құрал-жабдықтардың барлығын әкелу жөнінде келісімге қол қоямыз. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына 30-дан аса адам тарттық. Олардың барлығы – жергілікті кадрлар. Мамандардың санын 100-ге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз.

Ал зауыт іске қосылғанда 300-ге тарта адам еңбекпен қамтылмақ. Кәсіпорын жылына жалпы құны 12 млрд теңгені құрайтын 13 мың трансформатор шығаратын болады. Өнімнің басым бөлігі Ресейге экспортталмақ. Себебі, көрші ел тарапынан электротехникалық қондырғыға сұраныс аса жоғары.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұған дейін Түмен облысының басшылығы осы компанияның өздерінде зауыт салғанын қалаған болатын. Өйткені, Ресейде трансформаторға сұраныс көп. Өндіріс дамып келеді, барлық жерде энергетика қажет. Ал “Alageum Electric” өнімінің сапасы жоғары. Бағасы да қолжетімді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тағы да бір жақсы зауыт болайын деп тұр біздің облысымызда. Инвесторға бүкіл жағдай жасалып отыр. Екі айдың ішінде біраз жұмыс атқарылды.

Бұл зауыт келешекте ламинатталған фанера шығармақ. Мұндағы қалыпқа келтіру жұмыстары таяу арада аяқталады. Кейін қондырғылар орнатылмақ. Инвестор өндіріс орнын іске қосуға 2 млрд теңгеге жуық қаржы құйған

Огузхан Челик – “Северный фанерный комбинат” ЖШС директоры:

– Біз қазақстандық шикізатты – қайың ағашын пайдаланамыз. Фанера негізінен құрылыста қолданылады және жиһаз жасау үшін қажет.

Өндірістің толық циклі жолға қойылған жағдайда 150 адам жұмыспен қамтылады. Жылына қайыңнан жасалған фанераның 18 мың текше метрін шығару жоспарланып отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Орман пайдаланушылары мен орман шаруашылықтары өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Огузхан Челик қайыңның әр текше метрі үшін белгілі бір баға ұсынды. Бұл ұсынымға қатысты мамандар өздерінің келісімдерін білдірді. Бұған дейін олар сәл арзанға сатып жүріпті. Енді кәсіп иелері ағашты тек отын ретінде ғана өткізбейді. Жалпы, мұндай серіктестік екі жаққа да тиімді болмақ.

Орманға зиян келеді деп уайымдаудың қажеті жоқ. Ағаштардың қатары сиреп қалмайды. Себебі, жасыл желектің қоры үнемі толықтырылып отырады. Одан қалды зауытқа жылына 36 мың текше метр ғана шикізат қажет. Бұны аса көп деп айта алмаспыз. Өйткені, біздің облысымызда отынның өзіне 500 мың куб қайың кесіледі екен. Мамандардың сөзінше, дайын өнімнің жартысы Қазақстан нарығында іске асырылады, ал қалғаны шетелге саудаланбақ. Бірақ, қиындықтар да бар. Мәселен, қазір инвесторға шаруаны тындыру үшін қазандық қажет. Ал оны тұрғызуға жер керек. Учаске барын бар, бірақ инвесторға тиісті аумақты Петропавл ауыр машина жасау зауыты сатпай отырған көрінеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Инвестор қазандықпен бірге қойма салмақ. Ал Петропавл ауыр машина жасау зауыты жерді сатпай отыр. Бүгінде ол аумаққа қоқыс тасталуда. Мәселенің мән-жайын сұрастырып едік, стратегиялық жоспарлары барын білдік. Игерусіз жатқан учаскені беруге болады ғой?! Оның үстіне қалталы азаматтар жерді тегін емес, сатып алмақшы.

ЗИКСТО зауыты қиындықтарға байланысты бір жарым жыл жұмыс істеген жоқ. Салдарынан жұмысшылар екі қолға бір күрексіз, еңбекақысыз қалды. Дегенмен, биыл кәсіпорынның тамырына қайта қан жүгірді. Мәселе шешімін тауып, адамдар қызметке қайта кірісті, келісім-шарттар жасалды.

Ренат Шамсутдинов – “ЗИКСТО” АҚ зауытының бас директоры:

 

– Адамдардың барлығы қайта жұмысқа алынды. Мамыр айынан бастап қызметкерлердің жалақысын 20 пайызға өсірдік.

ЗИКСТО-ның жоспары ауқымды. Биыл зауыт 15,5 млрд теңгенің тапсырысын орындамақ. Болашақта бұл көрсеткіш артуы мүмкін. Қазір ірі жоба әзірленіп жатыр екен. Ол жүзеге асса, жергілікті өндіріс ошағы жалпы құны 40 млрд теңгені құрайтын 2 мың жартылай вагон жасамақ.

Саят Ермек