Қоғам

Қоғамдық көлік мәселесі

Қоғамдық көлік төңірегіндегі шу толастар емес. Алдымен саяжайға жете алмаған жерлестеріміз шағымданды. Ол реттеліп еді, ендігі мәселе жуырда ғана қала көшелеріне қайта шыққан автобустарға қатысты туындады. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, көлік тек жартылай ғана толуы тиіс.

–  Үйден сағат 8-де шықтым. Автобус 8-30-да ғана келді. Жарты сағат күтіп тұрдым.

 

–  Автобусқа кіріп едік, жүргізуші тұрып баруға болмайды деді. Енді келесісін тосамыз.

Талап – осы. Қоғамдық көлікке лық толы қатынауға болмайды.Бірақ, ережені ескермейтіндер де бар. Азаматтарға жұмысқа жету керек. Ал келесі автобусты күтетін уақыт жоқ. Бұл – Бескөл мен қала ішінде қатынайтын 101 автобусынан көрініс. Видеоны арнамызға тұрғындардың бірі жолдады. Мәселеден жергілікті автокөлік қауымдастығының төрайымы Галина Семенова хабардар. Дегенмен, басқа амалымыз жоқ дейді нәзікжанды.

Галина Семёнова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Жүргізушілерге қайта жұмысқа шығарда нұсқама берілді. Олар күнделікті әрбір аялдамада түсіндіру шараларын жүргізеді. Жолаушыларға автобусқа тек маскамен кіру қажеттігін айтады. Әрі азаматтарды тек бос орындықтардың санына қарап алатындығын да ескертеді. Бірақ, әр түрлі жағдайлар орын алып жатады. Мәселен, автобусқа жүкті әйел, кішкентай баласын ұстаған келіншек, мүмкіндігі шектеулі жан мен қария кірсе, жүргізуші оларды қалай қуып шығады? Сәйкесінше, ол құқықбұзушылыққа барып, талапқа қарамастан азаматтарды діттеген жеріне дейін жеткізуге мәжбүр болады.

Жолаушылар тасымалымен бүгінде 180 автобус айналысуда. Олар 20-дан аса қалалық және 13 саяжай бағыты бойынша қатынайды. Бірақ, шаруаны карантинге дейінгі уақыттағыдай атқара алмайды. Жүргізушілердің барлығы бірдей жұмысқа шықпапты. Біріне – көліктің техникалық, енді біріне отбасылық жағдайы себеп болған. Сәйкесінше, жүктеме де көп.

Эльмира Садвокасова