ТЖ

Мемлекеттік қызметші 11 жастағы қызды ажалдан аман алып қалды

Жеткіншек ажалдан аман қалды. Петропавлда қалалық әкімдік маманы 11 жастағы қызды жанып жатқан баспанадан шығарып алды. Төтенше жағдай кеше кешкі 5-тердің шамасында Береке ықшам ауданындағы жер үйлердің бірінде болған. Өкінішке қарай, оқиға орнында 63 жастағы ер адам түтінге уланып көз жұмды.

Қалалық әкімдік өкілі Досұлан Босынов абдырап қалмаған. Бірден терезені сындырып, іште мән-жайды әлі дұрыс түсініп үлгермеген 11 жастағы қызды сыртқа шығарыпты. Жасөспірім дін аман. Періштесі қақты деген осы болар. Ал мемлекеттік қызметкер оқиға орнына ойда-жоқта тап болған екен. Ол әріптесі екеуі “Береке” ықшам ауданына жұмыс бабымен келіпті.

Досұлан Босынов – Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Береке ықшам ауданына заң бөлімінің жетекшісі Наталья Дёрова екеуіміз жұмыс бабымын келдік. Бір сәтте Калинин көшесі бойында орналасқан үйден түтін шығып жатқанын көрдік. Жанына барып қарасам, баспананың төбесі мен қабырғалары отқа ораныпты. Ішінде ешкімнің жоқ екендігіне көз жеткізу үшін терезеге жақындадым. Сонда кішкентай қызды аңдардым. Бірден құтқаруға әрекет жасадым.

Ажалдан аман қалған жеткіншек бұл үйде тұрмайды екен. Ол туыстарына қонаққа келіпті. Төтенше жағдай орын алған баспанада ерлі-зайыптылар өмір сүрген. Өкінішке қарай, мамандар 63 жастағы ер адамның өмірін аман сақтап қала алмады. Зейнеткер ұйықтап жатқан жерінде түтінге уланып көз жұмған. Ал зайыбы жұмыста болыпты. Өрт жайлы құтқарушыларға көршілері хабарлаған.

Нұрлан Құлбаев – СҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы:

– Өрттің шығу себебі әлі анықталып жатыр. Алдын ала болжамға сәйкес, тілсіз жау 63 жастағы тұрғынның отты дұрыс пайдаланбауынан шыққан. Азамат темекі шегіп, оны сөндірмей ұйықтап қалған көрінеді. Жедел әрекет ету кезінде құтқарушылар үйден 2 газ баллонын алып шықты. Оқиға орнында 19 қызметкер мен 6 бірлік техника жұмыс істеді.

Құтқарушылар қызыл жалынды 18 минутта ауыздықтап, 40 минутта толығымен сөндірген екен. Жыл басынан бері облыс орталығында 50-ден астам өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 18 адам көз жұмған, 8 тұрғынды күйік шалған.

 

 

Маржан Касымбек