МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік сатып алулар – жемқорлыққа қарсы қызметтің бақылауында

1 тонна көмір үшін 19 млн теңге. Өңірде аудандық ауруханалардың бірі мемлекеттік сатып алулар порталына осындай лот қойған.

Ең қызығы, 1 қысқа  медициналық мекемеге қара отынның 4 мың тоннасы керек екен. Сонда сауданың жалпы сомасы 80 млрд-тан асып кеткен. Кейінірек аурухана қызметкерлерінің қателесіп, бірнеше “0”-ді байқаусызда жазып жібергені белгілі болды. Олқылықты «Сатып алулардың бірыңғай терезесі» атты портал анықтаған. Бұл – жемқорлыққа қарсы қызмет пен ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірлескен жобасы. Көп жағдайда мемлекеттік органдар мен мекемелер қандай да бір тауарды сатып алу үшін сайтта шамадан тыс жоғары баға ұсынады екен. Бірыңғай терезе автоматты түрде анализ жүргізіп, сол тауардың ел бойынша орташа бағасын анықтайды.

Дамир Хабибулин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының жетекшісі:

– Мәселен, мемлекеттік сатып алулар порталында қандай да бір мекеме тауарды 1 млн теңгеге алмақшы болады. Ал ел бойынша оның орташа бағасы – 500 мың. Бірыңғай терезе осы олқылықты анықтайды, ал біз оны түзетуді өтініп, мекемеге ұсыным хат жолдаймыз. Тың жобаның арқасында жыл басынан бері 12 млн теңге бюджет қаржысы үнемделді.

Саят Ермек