Аптадағы маңызды жаңалықтар

Құмар Ақсақалов Қызылжар ауданында болды

5 жарым млрд теңге. Бұл – Қызылжар ауданының 2020-шы жылғы бюджеті. Былтырғымен салыстырғанда 3,3 есеге көп. Сәйкесінше биыл атқарылатын шаруа да ауқымды. 24 шақырым жол жөнделеді, 2 мың үй таза ауыз сумен қамтылады. 300 орынға шақталған мектеп пен көпқабатты үй де бар жоспарда.

Бескөл мәдениет үйінің аумағы 920 шаршы метрден асады. Мұнда хор, вокал мен хореографияның 11 бірдей үйірмесі бар. Алайда, нысанның әр бұрышы пайдаланылуда деп айтуға келмейді. 245 шаршы метрдей қолданыссыз жатыр. Ағымдағы жөндеуден кейін дәл осы аумақта спорттық сауықтыру кешені орналаспақ. Аталған мақсатқа бюджеттен 40 млн теңге бөлініпті. Үстел теннисі, шахмат, шашки мен тоғызқұмалақ.

Сара Алдаева – Қызылжар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі:

– 2-ші қабатта хореографтар дайындалады. Өнер мектебінің оқушылары дайындалады. Бірақ, біз оны кеңейтіп, кішігірім фитнес зал жасамақшымыз. Стретчинг, йога өткізетін боламыз. Әрі спорттық бал биінің үйірмесін ашпақ ойымыз бар. Бұл – бескөлдіктердің арманы.

Тұрғындар ән айтады, кейін спортпен шұғылданады. Азаматтардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру қажет. Сондықтан, биыл 24 мәдениет үйінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дені Бескөлдегідей мәдени-сауықтыру орталығына айналмақ. Мақсат осы – қолданыссыз жатқан аймақты пайдаға жарату.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жыл бойы нысанның суына, жылуына қанша қаржы жұмсалады. Бірақ, ғимараттың мүмкіндіктері толық көлемде пайдаланылмайды. Мәселен, көрермен залдарында күнде концерт өткізбейміз ғой. Үлкен аумақ жиі бос тұрады. Бөлмелерді спорттық үйірмелерге бөлу керек. Залдарда үлкен айналар орнатып, киім ауыстыратын жер ұйымдастырып, жуынатын аймақты да қарастыру қажет.

Білім ошақтарында да спортзалдарға басымдық берілмек. №2 Бескөл орта мектебінде ол әбден тозған. Шатырынан су ағады. Күрделі жөндеу жұмысының аясында мәселе шешіледі. Оқу ұясын толығымен қалыпқа келтіруге 105 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Күрделі жөндеуге жауапты «Сантехник» серіктестігі бүгін-ертең іске кіріспек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жұмысқа 90 пайыз қазақстандық материалдарды пайдалану қажет. Оның ішінде басымдықты біздің өңірге беру керек. Солтүстіктегі дүкендерден алынған емес, дәл осы аймақта шығарылған тауар болуы тиіс. Біз бұны қатаң бақылауға аламыз.

Күрделі жөндеу жұмыстары қыркүйек айына дейін аяқталуы тиіс. Оқу ұясы адам танымастай өзгереді. Мектепте бүгінде 650-дей оқушы білім алады. Жүктеме көп болғандықтан, ұл-қыздардың 100 шақтысы Бескөлдегі жаңа білім ошағына ауыспақ. Нысан көптің сұранысымен ауылдың шеткері ауданында салынып жатыр.

Зиягүл Жапарова – Бескөл ауылының тұрғыны:

– Осы жерді сұрап сіздің алдыңызға бардым. Құлақ асқаныңызға рахмет
– Мен басында бұл жерге қарсы болған едім. Сіз бірнеше рет сұрағаннан кейін көндік.
– Сізге көп рахмет. Енді міне жол да салынып жатыр.

Тақтайдай тегіс асфальт, орталықтандырылған су мен жылыту жүйесі. Елді мекен тұрғындарына жағдай тура қаладағыдай жасалуы тиіс. Биыл Бескөлдегі ауылішілік жолдарды жөндеуге 711 млн теңге қарастырылыпты. Қомақты қаражат 40 көшенің 22 шақырымын қалыпқа келтіруге жұмсалады. Ал аудан бойынша бұл шаруаға 2,6 млрд тг бөлінген. Инфрақұрылымнан бөлек, Қызылжардағы өндіріс саласы да қарқынды дамуда. Көпке үлгі – «Левин» ЖК. 1992 жылы ашылған кәсіпорын қазір бүкіл Қазақстанға танымал, ал сапалы жиһаздары жоғары сұранысқа ие. Оны орындау үшін бизнесвумен Елена Левина «қарапайым заттар экономикасы» арқылы қаржыландырылып, өткен жылы екі бірдей робот алыпты. Әмбебап кондырғылар шаруаны 30-40 пайызға тездетеді екен. Бірақ, соның өзі жеткіліксіз дейді нәзікжанды.

Елена Левина – «Левин» ЖК директоры:

– Жылына кәсіпорын құны 2 млн теңгеден асатын 36 мың жиһаз шығарады. Бұл өте аз. Бірнеше жыл болды ресейліктермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Біздің тауарды сатып алғылары келеді. Бірақ, ішкі нарықтың сұранысын толығымен қанағаттандыра алмай отырмыз.

Қанағаттандыруға мүмкіндік бар. Ол үшін жаңа цех қажет. Әрі бизнесмендер жиһаздан бөлек, кіші сәулет мүсіндерін жасауды да қолға алмақ ниетте. Көздің жауын алатын мұндай формалар сапалы материалдан жасалады. Мәселен, фламинголар кемінде 50 жыл бойы кез келген парк пен аллеяның көркін келтіріп тұрады дейді кәсіпкер. Барлығы тек тиісті нысанның жоқтығына келіп тіреледі.

Елена Левина – «Левин» ЖК директоры:

 – Біздің маңайда бос алаң бар. Аймағында 2 ескі нысан орналасқан. Кәсіпкерімен сөйлесіп едік, 300 млн теңге сұрады. Біз оны сатып алсақ, банкротқа ұшыраймыз. Бірақ, жаңа цех ауадай қажет. Оны іске қоссақ өндіріс көлемін де, жұмысшылардың санын да екі есеге арттырар едік.

Өңір жетекшісі мәселені шешуге уәде етті. Бұл жерді әкімдікке өткізіліп, кәсіпкерге жалға берілмек. Ал бизнесмендер өз кезегінде нысанды кейін өздеріне рәсімдей алады.

Жергілікті атқарушы биліктен көмек аграрийлерге де көрсетілуде. Өңір бойынша биыл 10 сүт-тауарлы ферма тапсырылуы тиіс еді. Олардың 3-еуі Қызылжар ауданында. Бірақ, межені орындауда коронавирус кедергі келтіруде. Өйткені, ірі қараларды алу үшін шетелге шығуға әзіргі тыйым бар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бірақ, қаражат бар. Бюджетте қаралған. Сондықтан, 3 ферманың құрылысына қаражатты бөлдік. Құжат дайын болғанда, қалғандарына да қаржы бөлеміз. Жыл соңына дейін 3-4-уі қолданысқа беріледі.

«Якорь СК» серіктестігі биыл 380 ірі қараға арналған сүт-тауарлы ферманың құрылысын бастамақ. Нысан 2021-де іске қосылады. Оған дейін ауылда тындырар шаруа жетерлік. Ағымдағы жылы елді мекендегі жолдардың барлығы дерлік жөндеу көреді. Әлеуеті жоғары селолардың қатарына алдағы уақытта Соколовка да қосылмақ. “Жұмыспен қамтудың жол картасы” аясында елді мекенде 74 млн теңгеге жолдар қалыпқа келтіріледі, тағы 40 млн-ға көпір жөнеделеді. 88 жылы бой көтерген дәрігер амбулаториясы да назарсыз қалмады.

Александр Құдайбергенов – Қызылжар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қызылжар ауданындағы 3 селоның дәрігерлік амбулаториялары жөнделіп жатыр. Шаруаға 148,6 млн теңге бөлінді. Тағы «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы Боголюбовадағы емдеу мекемесін қалыпқа келтіреміз.

Қысқасы ауданға құйылып жатқан қаржы қыруар – 5,5 млрд теңге. Өлке барынша дамып жатыр. Ендігі кезек – ауылдықтарда. Қызылжарлық диқандардан мол өнім күтеміз дейді облыс әкімі. Егістік науқанына 311 агроқұрылым тартылған. Олар 41 мың гектарға – майлы, ал 117 мыңына дәнді дақыл себуде.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл ауа райы өте қолайлы. Бас кезінде жер құрғап қала ма деп қорқып едік. Керісінше арамшөп ерте шығып жатыр. Олардың барлығы қазір егістік кезінде шабылады. Осылайша, гербицидтерге жұмсалатын қаржы едәуір қысқарады.

Диқандар шаруаға 5 күн бұрын кірісіпті. Осы уақыт ішінде 60 мың гектарға дән себіліп, жоспардың 30 пайызы орындалған.

 

 

Эльмира Садвокасова